Басты Жаңалықтар Қазақстанда 14 мыңнан аса адам мәйіттік донор болуға келісім берді

Қазақстанда 14 мыңнан аса адам мәйіттік донор болуға келісім берді

Қазақстанда алғаш рет жасөспірімнің жүрегі ауыстырылды. 15 жастағы бала 5 жыл бойы ауыр жүрек дертімен күрескен. Себебі донор тапшы. Осы жолы миы өліп, өмір сүру мүмкіндігінен айырылған 43 жастағы ер адамның туыстары донорлыққа бірден келісім берген. Мамандар бұл ота отандық медицинада балалар ағзасын ауыстыруды дамытуға жол ашты дейді. Ел бойынша түрлі органға кезекте тұрған балалардың саны әлі де көп.
14 жастағы Трофим үш жылдан бері донор кезегінде тұр. Жасөспірімге жүрек трансплантациясы қажет. Оған «дилатациялық кардиомиопатия» диагнозы қойылған. Қазіргі таңда бала дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Жақында 15 жастағы науқасқа донор табылып, жүрек ауыстыру отасының сәтті өтуі бұл отбасыға да үлкен үміт сыйлаған.
Светлана Кужелева, Трофимнің анасы:
Телефон шыр ете қалса, қобалжып кетеміз. Донор табылады деген үміттеміз. Павлодардың тұрғынымыз. Бірақ қазір Астанада пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Себебі донор табылса, біз клиникаға жақын болуымыз керек. Балам 14 жаста ғана, болашағы әлі алда. Күні кеше 15 жастағы баланың жүрегіне донор табылып ауыстырылғаны үміт отын жақты.
Хамзат Негметовте донор кезегін күтіп жүргеніне 10 жыл болған. Аптасына үш рет гемодиалез алып, қанын тазартумен келеді. Қос бүйірі қысқанда жанын қоярға жер таппайтынын айтады.
Хамзат Негметов, реципиент:

Жасым 35-те. 25 жасымда осы ауруға тап болдым. Қан қысымым ойнайды, 240-қа дейін барады. Диализдің үстінде көтеріліп кетеді. Беларусь елінде салады, бір бүйректі салу үшін 45 млн керек. Оған көбісінің қаражаты жетіспейді. Мәйіттік донор дейді ғой, соның рұқсатын берсе екен деп сұраймын. Рұқсатын берсе, қаншама адам шығып кетеді деп ойлаймын.

Қазір қоғамның мәйіттік донорға деген көзқарасы біртіндеп өзгере бастаған. Қайтыс болғаннан кейін ағзасын өмір сыйлау үшін беруге ниет білдірген адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр 133 мыңнан астам адам қарсы болса, 13 мыңға жуық адам келісім берген. Биыл олардың саны 14 мыңнан асты. Өкінішке қарай, донорға мұқтаж балалардың саны өсіп барады.
Назгүл Жылгелдина, Республикалық Трансплантацияны үйлестіру орталығы директорының орынбасары:
2025 жылдың аяғына қарай 123 бала тұрған. Бірінші кварталда 119 бала тұр. Соның ішінде 6-ы жүрекке мұқтаж, саны 7 болған, жақында трансплантация жасалып, алтауы қалды. Қалған 90% деп айтуға болады, ол бүйрекке мұқтаж. 21% бауырға мұқтаж болып келеді.
Елімізде донорға мұқтаж ретінде ресми тіркелгендер саны 4,5 мыңнан асты. Олардың басым бөлігі – бүйрекке, кейін бауыр мен жүрекке кезегін күткендер.
Қазақстанда арнайы медициналық ақпараттық жүйе жұмыс істейді: реципиентті автоматты түрде таңдап, адамды араластырмайды. Яғни, әрбір донордың ағзасы дәл сол адамға жететінін сеніммен айтуға болады. Сондықтан 4,5 мың адам күнде «донор табылады» деген үмітпен оянады.

Бөлісу