Басты Жаңалықтар Еңбек құлдығына түскендердің арасында ІТ-мамандары басым

Еңбек құлдығына түскендердің арасында ІТ-мамандары басым

Қылмыскерлерге де білімді адамдар керек. 2022 жылдан бері Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде 60 қазақстандық еңбек құлдығында болған. Олардың барлығы босатылып, елге жеткізілді. Мәжбүрлі түрде жұмысқа салынған азаматтардың дені бірнеше тіл білетін, жоғары білімді, әсіресе, ІТ мамандары екен. Оған негізгі себеп - интернет, әлеуметтік желі арқылы алаяқтықпен айналысуға күштеп итермелейді. Жалпы, қазір қанша адам іздестіріліп жатыр? Бұл жайлы тілшіміз анықтап көрді.

Мереке Қазбекова үш жыл бұрынғы оқиғаны әлі де көзіне жас алып, баяндап отыр. Еске түскен сайын жүрекке жүк. Себебі ұлы 2023 жылы Дубайға кетіп жұмысқа орналасқан. Өзі жоғары білімді, ағылшын және қытай тілдерін меңгерген. Бірақ белгілі бір уақыт өткеннен кейін баласы хабар-ошарсыз жоғалған.

Мереке Қазбекова: 

Негізі аудармашы, техникалық қолаушы ретінде деп  оқытқан. Бірақ оқу біткесін сендер елдерді алдап, қазір алаяқтар шығып жатыр ғой, сөйтіп адамдармен сөйлесесіңдер, сосын олар ақша салатындай ету керек деп айтқан.

Мьянмадан табылған азамат Сыртқы істер министрлігінің көмегімен құтқарылып, елге әкелінді. Мұндай қылмыс аз емес. Соңғы үш жылда 60 қазақстандық осындай еңбек құлдығынан құтқарылған екен.

Жеңіс Мамбеталиев, ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің кеңесшісі:

Олардың көпшілігі жоғары білімді мамандар, жастар. Оның ішінде ІТ мамандары бар, шет тілін меңгерген азаматтар. Интернет арқылы жұмыс Таиланд корольдігінде деп жалған ақпарат береді. Соған қоса жалақы жоғары, тегін жолы бар, тамағы бар, әртүрлі бонусы бар деп қызықтырады.

Қазір шетелде еңбек құлдығына білімді азаматтарды арбап салу белең алып тұр. Әсіресе ІТ саласының біліктілері ілмекке ілініп жатыр. Жарық іздеп, отқа түскендер нені ескермей жатыр?

Бейбіт Біржанов, ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығы:

Біріншіден, аккаунттың қанша уақыт ішінде жұмыс атқаратынына назар салу керек. Пікір дейміз, адамдардың пікірін қарап, бұл ресурс ресми түрде тіркелген бе, тіркелмеген бе, соны білген жөн.

Жеңіс Мамбеталиев, ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің кеңесшісі:

Баратын елде заңды виза ашу керек. Егер елшілік жұмыс визасын беретін болса, елшілік сол компанияның заңды екенін дәлелдеп отыр деген сөз.

Олжас Алдаберген «Болашақ» бағдарламасымен Нидерландыда білім алған. ІТ бағытында бірнеше ірі компанияда жұмыс істеген. Ол қазіргі жағдайды былай бағалайды.

Олжас Алдаберген, ІТ-маманы:

Бұрынғы 10-15 жылға салыстырып қарағанда қазір шет ел асып, жұмысқа кіру оңай. Ең жақсысы – Қазақстанда болып, қашықтан жұмыс істеген. Еуропада, болмаса Америкада. Сол жақта жұмыс істеп жүріп, өмір сүру деген – Қазақстанда жүріп, ІТ саласында жұмыс істегенмен бірдей.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қазір шетелде мәжбүрлі түрде ұсталып, құлдықта отырған қазақстандықтар жоқ. Өйткені ондай арыз-шағым тіркелмеген.


Бөлісу