Басты Жаңалықтар Халықаралық Аралды құтқару қоры бес маңызды шешім қабылдады

Халықаралық Аралды құтқару қоры бес маңызды шешім қабылдады

Бүгін Астанада өткен Халықаралық Аралды құтқару қорының кезекті отырысында бес бірлескен шешімге қол қойылды. Келіссөздер нәтижесінде Қордың ұйымдық құрылымы мен құқықтық базасын жетілдіру, сондай-ақ Сырдария бассейнінде суды есепке алу мен бөлудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізу, сондай-ақ 2026-2036 жылдарды Орталық Азияда «Суды ұтымды пайдалану онжылдығы» деп жариялау туралы мәселе қаралды.

Еске сала кетейік, Қазақстан Солтүстік Арал теңізін сақтау бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін әзірледі. Жобада теңіз деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеру үшін Көкарал бөгетін реконструкциялау қарастырылған. Нәтижесінде су айдынының беткі ауданын 4 мыңға жуық шаршы шақырымға, ал су көлемін 34 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспарлануда.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Бүгінгі отырыс – Қазақстанның Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалығының қорытынды кезеңіндегі маңызды басқосу. Бұл жиын 2026 жылғы 22 сәуірде Астанада өтетін Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына дайындықтың негізгі алаңы. Өткен кезеңде Қордың жүйелі жұмысы қамтамасыз етіліп, сындарлы диалог сақталды. Сонымен қатар бірқатар маңызды бастамалар табысты түрде ілгерілетілді.


Бөлісу