Басты Жаңалықтар Президент: Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды қолға алған жөн

Президент: Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды қолға алған жөн

Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптада Алматы сапарында ғылыми қауымдастықпен кездескен.

Инфляция, қымбатшылық, жұмыссыздық, денсаулық сақтау, тағы басқа әлеуметтік мәселелердің өзектілігінен кейбір салаларға апта сайын тоқтала алмаймыз. Бірден айтайық: қарапайым қызметкерлер жанкешті жұмыс істеп жатады. Бірақ тиімділік, нәтиже анау айтқандай емес... Мысалы, ғылым саласы.

Суперкомпьютерлер орнату, жалпы цифрландыруға орай қозғалыс барын білеміз. Мәселе ІЖӨ-нің 1 процентіне жетпесе де, біздің мемлекет үшін әжептәуір ақша құйылып жатқандықтан, «Міне, өндіріске мына жоба енгізілді, мынадай тетіктер ойлап табылды, мынадай нәтиже бар», дегенді естігіміз келеді. Президенттің дерегінше, жыл сайын ғылымға 200 миллиард теңгеден астам, тіпті бұдан да көп, 500 миллион доллардан аса қаржы бөлінеді.

Бас прокуратура салалық министрлікте және Ғылым қорында көптеген әрі ауқымды қаржылық заңбұзушылықтарға жол берілгенін әшкереледі. Неліктен осылай болғанын тап басып айту қиын. Грант алушыларды аккредиттеуден бастап қаржыландыру үдерісінің барлық кезеңінде кемшіліктер көзге көрініп тұр. Менің түсінігімде, ғылым мен жемқорлық бір-біріне кереғар құбылыс, екеуі қатар аталмауы тиіс. Мемлекет қаржысын жымқырғысы келетін кез келген әрекетке тосқауыл қоятын сүзгі не кедергі жоқ. Ғылыми үдерісті дамытудың тұжырымды көзқарасы қалыптаспаған. «Әйтеуір қаражатты қалайда игерсек болды» деген ұстаным тамыр жайған. Ғылыми жұмыстың нақты пайдасы, жаңашылдығы қандай? Оған ешкім бас қатырмайды».

«Өзімізді алдаудың не қажеті бар? Ғылым бар сияқты, бірақ оның нақты пайдасын көрмей отырмыз. Маған үш мыңнан астам қолданбалы ғылыми жобаның тек 193-і ғана коммерцияландыруға лайық деп танылғаны, ал нарыққа бар-жоғы 29 жоба шыққаны баяндалды. Өкінішке қарай, индустрияға әсері, қайтарымы өте аз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Құқық қорғау органдары грант ретінде алынған ақшаның кейін Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы мен Ғылым қоры қызметкерлеріне аударылғанын әшкерелеген. Тексерістен соң 11 қылмыстық іс қозғалған.

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, ғылыми әзірлемелерден ауыз толтырып айтарлық экономикалық әсер жоқ. Бұл жағдайдың себептерін анықтауымыз керек... Басқаша айтқанда, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды қолға алған жөн. Негізі, бұл әлдеқашан орындалуға тиіс міндет еді. Бірақ ештен кеш жақсы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңа Конституцияда адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде бекіткенін айтты.

Ал сөзінің түйіні:

- Келер ұрпақ біздің кейбір кемшіліктерімізге көз жұма қарайтын шығар. Бірақ олар Қазақстанды Әділетті, Қуатты мемлекетке айналдыратын, заң мен тәртіп, тазалық, табиғатты аялау, білім және ғылым салтанат құратын мүмкіндікті мүлт жібергенімізді ешқашан кешірмейді...


Бөлісу