Наурыз мейрамы: Мемлекет басшысы Түркістанға жұмыс сапарымен барды
Тамыры тарихқа бойлаған, әр тасы шежіре шерткен киелі мекен – Түркістан. Бұл – ұлт рухы жаңғырып, дәстүр мен тағылым тоғысқан қасиетті шаһар. Мемлекет басшысы ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып зиярат етті. Бұл шаһар тек тарихтың аманаты емес, білім мен парасаттың ордасы, зиялы қауым мен белсенді азаматтардың мекені. Президент өңірдің дамуына үлес қосып жүрген ғалымдармен, мәдениет қайраткерлерімен және қоғам белсенділерімен арнайы кездесіп, ел болашағына қатысты ойымен бөлісті. Аймақтарымыз қуатты болса – мемлекет те мықты! Президент Түркістан облысының даму қарқынын жоғары бағалады. Ал әкім Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының мақтауын естіген санаулы әкімдердің қатарына кірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Былтыр аймақ экономикасы 14 пайызға өсті. Барлық салада жақсы көрсеткіштер пайда болыпжатыр. Салық түсімі алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция тартылды. Бүгінде облыстың даму қарқыны жалпы жақсы деп айтуға болады, көптеген жұмыс істеліп жатыр. Әкім Нұралхан Көшеров белсенді түрде жұмысқа кірісті, өзі жергілікті ахуалмен таныс, жұмысының нәтижесі сәтті болады деп ойлаймын.
Бұл проблема жоқ деген емес. 2 жыл бұрын басталған бу-газ қондырғысының құрылысы созылып кетті. Үкіметке және «Самұрық-Қазынаға» осы мәселені қатаң бақылауға алуды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев қабылданған жаңа конституцияға да ерекше тоқталды. Бұл құжат жастарға бағыттала жазылған. Сондықтан келер буынды мемлекеттік басқару, ғылым, инновация салаларына тарту маңызды.
Жанар Темірбекова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры:
Соңғы уақытта ғылыми зерттеу жұмыстарына жас ғалымдардың тартылуы өте маңызды болды. Қазірдің өзінде осы жобалардағы жас ғалымдардың үлесі 30 пайызға жетіп отыр. Магистратура, доктарантура оқып жүрген жас ғалымдарымызбен қатар 3-4 курс студенттері де осы жобаларға белсенді қатысып жатыр.
Дәулет Мұсаев 26 жылдан бері медицина саласында еңбек етіп келеді. Жаңа Конституцияда цифрлық қауіпсіздіктің көрініс табуы халықтың бізге деген сенімін арттырады деп отыр.
Дәулет Мұсаев, Түркістан облысы Сайрам аудандық «Қарабұлақ» ауруханасының бас дәрігері:
Қазіргі таңда әрбір азамат оцифровонный ғой. Бүкіл науқастың мәліметі барлығы интернетте. Референдумға қатысты өзгерістің ішінде әр адамның жеке ЭЦҚ ақпараттық қауіпсіздігі қатты қаралған. Осы бізге керек еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан төріндегі мінберде тұрып төрткүл дүниеге, халықаралық қауымдастыққа үндеу жасады. Көне шаһарды Таяу шығыстағы қақтығысты тоқтату алаңы ретінде ұсынатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең алдымен, азаматтық, экономикалық нысандарға қарулы шабуылдарды тоқтату керек. Содан соң келіссөздерді бастау керек. Қазақстан бұл күрделі ахуалда дәнекер болғысы келмейді, бірақ, өзіміздің жерімізді бейбіт келіссөздер үшін ұсынуға дайынбыз. Меніңше, Түркістанда осындай келіссөздер өткізуге болар еді.
Қазақстан жаһанға бейбітшілік пен келісімнің ордасы ретінде танымал. Инвестициялық, экономикалық көрсеткіштеріміз де жыл сайын жақсарып келеді. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Жалпы ішкі өнім 306 миллиард долларға жетті. Президент су, ауыл шаруашылығы, жол құрылысы сияқты маңызды салалардағы жұмыстарға да тоқталды. Жиын соңында мемлекет басшысы ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Президенттің киелі мекенге сапары ұлыстың ұлы күні, Әз Наурызбен тұспа-тұс келді.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Ұлыстың ұлы күні ұлтымыздың ұлы мұратымен ұштасқан жаңғыру мен жасампаздықтың белгісі Мемлекет басшысы жылдағы дәстүрінен жаңылмай биыл да бұл мерекені жұртшылықпен бірге қарсы алды.
Наурыз – табиғат түлеп, тіршілік жаңаратын кезең ғана емес, дәстүрлі құндылықтар ұлықталатын мейрам. Ал бүгінде егемендігімізді нығайтып, ұлттық болмысты бекемдей түсу үшін замана ағынымен қатар жүру шарт. Мерекеде жастар өздері ойлап тапқан тың шешімдері мен ғылыми жетістіктерін таныстырды. Айару Қалыбек – 11-сынып оқушысы. Сыныптасымен бірге зағип жандар еркін жүріп-тұруы үшін жасанды интелект негізінде жұмыс істейтін көзілдірік ойлап тапқан.
Айару Қалыбек, 11-сынып оқушысы:
Зағип жан осы микрофонға командалық сұраныстарын тастайды. Мысалы, «алдымда қанша адам тұр?», «сағатты айт» немесе «жақын маңдағы дәріханаға дейінгі маршрутты құрастыр» деген сияқты. Ол жасанды интелект ақпаратты анализ жасап, осы құлаққап арқылы қолданушыға айналасында не көріп тұрғанын, қай жерге дейін бару керек, қалай жүру керек барлығын бағыттап отырады.
Ал Олжас Жақып спутниктік зондтау және барлау саласында зерттеу жүргізіп жүр. Өздерінің жеке зертханаларында шағын спутник құрастырып, ұшырып та көрген. Жинаған деректері синоптиктер мен ауыл шаруашылығы мамандарының қызығушылығын тудырып отыр.
Олжас Жақып, 11-сынып оқушысы:
Таныстырылған жобалардың ішінде түрлі мақсатта пайдаланылатын роботтар, ғылыми зерттеу нәтижелері, тіпті, дрондар футболы да болды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа сан алуан дәстүріміз бен рухани қазынамызды бейнелейтін туындылар таныстырылды. Бұдан бөлек, Президент ұлттық спорт ойындарын тамашалады. Мерекелік іс-шара өнер ұжымдарының концертімен жалғасты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы