Басты Жаңалықтар Наурыз: Ұлттық құндылықтар қалай дәріптеліп жатыр?

Наурыз: Ұлттық құндылықтар қалай дәріптеліп жатыр?

Күні кеше ғана ұлттық киім тек наурыз тойында ғана жарыққа шығатын көненің бір бөлшегіндей еді.

Айгүл Қамеденова, Астана қаласының тұрғыны:

Күнделікті өмірде мен киіп жүрмін әртүрлі өзіміздің киімдерімізді және көпшілік назар аударады. Неге дәріптемеске? Ұлттық өзіміздің құндылықтарымызды.

Қазір күнделікті көшеден қос етек киген қыздарды көрмесеңіз де заманға икемделе тігілген тақиялы, бешпетті аруды кездестіріп қалуыңыз бек мүмкін.

Айгерім Құсайынқызы, заңгер, MNU оқытушысы:

Кроссовка мен тақияны кию осыдан бес жыл бұрын оғаштау көрінетін еді. Қазір сіз футболкамен шапан киіп алсаңыз заманауи, қазақи, қалада өмір сүретін, өзінің ұлтына, киіміне, тіліне сұранысы артқан, ішкі кедергілерден өткен, ұялмайтын жастарды көреміз.

Мұндай мәдени, рухани серпілістің бір себебін «Наурыз мейрамынан іздеуіміз» керек дейді әлеуметтанушылар.

Молдияр Ергебеков, әлеуметтік ғылымдар зерттеушісі, PhD:

Наурыз деген кезде бізге өткен тарихымыз, қаншама жылдар бойы бұны тойлай алмағанымыз еске түседі. Сондықтан да наурыз нағыз қайта тірілу мерекесі. Көктем мағынасында да қайта тірілу және қайта оралу мерекесі ретінде біздің маңызды күндеріміздің бірі.

Айгерім Құсайынқызы, заңгер, MNU оқытушысы:

Мен кіммін, қайдан келе жатырмын, менің дәстүрім қандай, жалпы наурыз қашан тойланды, неге тойланды деген сұрақтарға жастар өзіндік жауап таба бастады.

Молдияр Ергебеков, әлеуметтік ғылымдар зерттеушісі, PhD:

Наурыз мерекесін халқымыз ешкімнің ұлтына, дініне қарамастан Наурыз мерекесін құштарлана, қуана, шаттана отырып тойлайды. Бұл да сол наурыз мерекесінің маңызды қасиеті деп бағалаймын.

Маманның пікіріне соңғы жылдардағы наурыз мейрамын тойлау дәстүрі дәлел. Қазір Наурыз бұрынғыдай 22 наурыз күні алаңға тігілген киіз үймен, алтыбақанмен ғана шектелмейді.

Мысалы Ақтөбеде «Ер Едіге» жыр мектебінің өнерпаздары тәулік бойы тоқтаусыз жыр айтып, рекорд жасады. Шараға 36 өнерпаз қатысып әр 3 сағат сайын алмасып отырды. Жыр үзілмеді. Жыршылардың өнерін Азия мен Африка елдері бойынша GBR  рекордтар кітабының бас офицері бақылады.

Ал Астанада 3 мың, Түркістанда бір мезетте мың оқушының асық ойнағаны бар. Бұны да наурыз тойы аясындағы бір күндік науқан деуге болмас. Себебі...

Мәдина Сүлейменова, Астана қалалық білім басқармасының маманы:

Бұл - алғашқы қадам. Өйткені биылғы оқу жылынан бастап дене шынықтыру сабағына асық ойыны кіргізілген еді.

Айгерім Құсайынқызы, заңгер, MNU оқытушысы:

Ұлттық спорттар да солай бейімделе бастады ғой. Мысалы бұрын есімде бала кезімізде наурызды тойлағанда бәрі тек қана арқан тартысты тойлайды сонымен аяқталатын қалалық өмір. Қазір ұлттық спорттың жаңа түрлері біз бұрын тек қана кітаптан көрген хрестоматиядан оқып жүрген дәстүрлер тіріле бастады.

Айгерім Құсайынқызының сөзіне Ақмолалық оқушылар дәлел болғандай. Көкшетауда роботтар теңге іліп, арқан тартысып, асық ойнады.

Нұртілек Нұрбекұлы, Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы:

Өзім кішкентай кезімнен ойнап келе жатқан ойынды роботтарға ойнатқан өте қызық болды, ерекше сезім болды.

Наурыздың бір символына айналып кеткен Роза Рымбаеваның репертуарындағы «Наурыз» әнін орындап тұрған Әлихан. Рүстембековтер отбасының тұңғышы.

Әлихан Ахметбек, мектеп оқушысы:

Instagram-да «Мюзик балалар» деген бір группа бар. Олар да музыкант, көп музыка ойнайды. Соларға қызығып мен де ата-анама айттым, Біз де сондай музыкалар түсіріп, танымал болайық дедім.

Ғани Рүстембеков, Астана қаласының тұрғыны:

Басында екеуміз ойнадық. Барлығы музыкант қой біздің үйде. Келіңдер, сендер қосылыңдар деп,  сен мына аккордты ұста деп. Кіші ұлыма барабанды беріп қойдық. Енді осыны түсіріп тастайық деп түсірдік. Сосын Instagram-ға салдық.

Ғани мен Ақмаржанның үш перзентімен түсірген видеолары әлеумттік желіде көп қаралым жинаған. Музыкалық жоғары білімі бар жұп балаларын да осы өнерге баулып жүр.

Ақмаржан Рыспамбетова, Астана қаласының тұрғыны:

Әрқайсысымен әкесі жеке-жеке дайындалады. Енді сен кел, еді сен кел деп. Әрқайсымызбен кезек-кезек дайындалады. Сосын қосып, бір номер дайын болады.

Ұлттық киім де, спорт та, өнер де түрленіп соңы трендке ұласып жатқаны 38 жыл бұрын қайта оралған Наурыз мейрамының әсері емес пе?!

Молдияр Ергебеков, әлеуметтік ғылымдар зерттеушісі, PhD:

Қоғам қай жерде бар? Бірлігі болған жерде бар. Ауызбіршілігі болған жерде бар. Бірін-бірі тыңдай алатын жерде бар. Бұл ерешеліктерді қалыптастыратын да осы салт-дәстүрлер осы наурыз сияқты ерекше күндер. 

Ал жалпы ел бойынша Наурыз тойы осылай тойланды.


Бөлісу