Каспий теңізінің тартылуы ел экономикасына қалай әсер етеді?
Егер Каспийдегі көршіміз Иран бейбітшілік елі болғанда, егер әлемдік саясат БҰҰ жарғысымен жүргенде, Орталық Азия, оның ішінде біз бармыз, тоқтаусыз тауар мен жүк тасымалдап, көл-көсір пайдаға кенелер едік... Дегенмен «егер» деген сөз айтып, инфантилизмге ұрынбай-ақ қоялық...
Каспий. Өткен бағдарламада экологиясына тоқталдық. Енді екінші материалда экономикалық проблемаларды тарқатып көреміз. Егер Каспийді сақтауды кешенді қолға алмаса, бұл уайым реал қауіпке айналады. Ал біз жүк тасымалына үміт артып отырған елміз. Қытай мен Еуропа арасындағы көпір қызметін тиімді пайдалана алмасақ, болашақ ұрпақ кешірмейтін дүниенің бірі сол болады.
Соңғы 20 жылда
Каспий теңізі 2,3 метрге төмендеді. Бұл теңіз сауда қатынасына да кері әсерін
тигізе бастады.
Дженагий Абдолла, порт
қызметкері:
Теңіз деңгейі 2,5-3 метрдей түсті. Мына бізде бұрын 8-9 метр еді тереңдігі. Қазір 4.20-4.30 метр болып қалды ғой.
Дженагий Абдолла –
порт қызметкері. Жүкті тиеу, түсіру жұмыстарына жауапты. Айтуынша, су
деңгейінің төмендеуі әсіресе ауыр жүк кемелеріне кедергі.
Дженагий Абдолла, порт қызметкері:
6 мың тонналық кемелер келуі сәл қиындау болады. 6 мың тонна болса, олар құмға отырып қалады. Ондай кемелер мына қапталдағы жаңа салынған портта кемелердің тереңдігі сәл көптеу, сол жаққа барып жатыр.
Ержан Медеуов, «Ақтау халықаралық теңіз сауда
порты» қоршаған ортаны қорғау бойынша жетекші:
Бұрын кемелер биік тұратын болса, қазір жылдан жылға төмен түсіп жатр.
Аружан Мейірханова, Оutpost Eurasia орталығының аға сарапшысы:
Мысалы, 2024 жылы Ақтау портынан шыққан кемелер жүктемелері тек 50 пайыз толған. Себебі кеменің салмағы артып, теңіз деңгейі төмендеген сайын үлкен габаритті кемелердің өтуіне тосқауыл болады.
Вадим Ни, «Save the
caspian sea» қозғалысының негізін қалаушы:
Егер кемелерге жүктің жартысын ғана артқан болса, тауар тасымалының көлемі шамамен 50 пайызға азаяды деген сөз.
Раушан Сайлауқызы,
тілші:
Ақтау порты - елдегі ең ірі теңіз сауда айлағы. Тоғыз жолдың торабында орналасқан стратегиялық нысан халықаралық көлік-логистика жүйесінде айрықша маңызға ие. Порт Азия мен Еуропаның арасын жалғайды. Транскаспий көлік бағытының негізгі тізбегінің бірі.
Транскаспий дәлізі
арқылы Қытайдан шыққан тауар теміржол арқылы Қазақстанға жетеді. Одан әрі
Әзербайжан, Грузия, Түркия асып, жүк
Еуропаға 15-18 күнде жетеді. Соңғы 10 жылда көрсеткішті сараласақ тауар
тасымалы 7 есе өскен. Мәселен, тек Транскаспий дәлізі арқылы 2017 -2025 жылдары
аралығында 15,2 млн тонна тауар тасымалданған. Оның 9,3 млн-ы соңғы екі жылға
тиесіліі.
Дина Бейсебай, «KTZ Express» АҚ компаниясының Логистика
департаментінің директоры:
2025 жылдың қорытындысы бойынша ТМТМ арқылы 4 миллион тоннадан астам жүк тасымалданды. Қазақстан экспорты жалпы көлемнің негізгі бөлігін құрайды. 2025 жылы 2,8 миллион тонна жүк экспортталды. Бұл шамамен 68 пайыз.
Порт арқылы отандық
тауарлар өзге де бағыттарға экспортталды.
Әнуар Немышев, «Ақтау
халықаралық теңіз сауда порты» коммерциялық жұмыс бөлімінің басшысы:
Жылына 12 млн тонна жүк тасымалдауға қауқарлы. 2024 жылы жеткізілген жүк көлемі 5 млн тонна, 2023 жылы 4,5 млн тонна болды. Жүктің негізгі бөлігі, мұнай және мұнай өнімдері. Олар Қазақстан аумағынан Ресей Федерациясының Махачкала портына және Әзербайжанның Сангачал портына экспортталады. Астық өнімдері Иранның солтүстік порттарына жөнелтіледі. Металл өнімдері Транскаспий дәлізі арқылы Баку портына жеткзіледі.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Өзіміздің отандық өнімдер мен қоса алыс-жақын шетелдерден келген тауарлар осы жерге жеткізіліп, мынадай контейнерлерге тиеледі. Мінекей, дәл қазір біз сол процеске куә болып тұрмыз. Яғни жүк тиелген контейнерлер кемеге салынып жатыр. Бұдан әрі тауарлар Әзербайжанға одан әрі Еуропаға жөнелтіледі.
Маңғыстау
облысындағы 6 порттың екеуі - Транскаспий дәлізінің негізгі бөлігі. Соның бірі
– Ақтау болса, екіншісі Құрық порты. Былтыр бұл аумақтан 2 млн тонна жүк
жөнелтілген. Бірақ, су деңгейінің төмендеуі порт жұмысын баяулатып отыр.
Бақыткерей Әлібеков,
«Құрық порты» бас директорының пайдалану жөніндегі орынбасары:
Паромды қабылдау, әсіресе жүкті тиеу, сондай процестерге өзінің кері әсерін тигізіп келе жатыр. Теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты 25 вагонымызды бір тиемейміз. Оны бөліп-бөліп бес бестен, үш –үш вагоннан паромның деңгейіне байланысты бөліп-бөліп тиеп жүрдік.
Бұл біріншіден
тасымал бағасының қымбаттауына әкеледі. Екіншіден, порт уақыт жоғлтады.
Бақыткерей Әлібеков,
«Құрық порты» бас директорының пайдалану
жөніндегі орынбасары:
Бұрын теңіз толық кезде бір паром келіп-кетуінің арасы 10-12 сағат болса, жаңағы мәселелердің кесірінен кеме 20 немесе одан көп уақыт тұрып қалып отыр.
Аружан Мейірханова,
Оutpost Eurasia орталығының аға сарапшысы:
Бұл инфрақұрылымдық шығындардың өсуіне алып келеді. Транзиттік түсімдердің төмендеуіне әсер етуі мүмкін. Орта дәліз көптеген қаржыны инвестицияны талап ететін жоба. Ал инвестицияның бәрі ұзақмерзімді. Сол себепті Каспий теңізі жағалауындағы мемлекттер тарапынан Каспий теңізінің ұзақмерзімді жағдайы ушықпайтынын көрсету керек.
Бауыржан Ысқақов,
экономист:
Орта дәлізден Қазақстан жылына 400-500 млн-дай табыс тауып отыр. Болашақта оны 600-700 млн+ға жеткізу көзделген. Жалпы теңіз суының тартыла беруі болашақта біздің транзиттік әлеуетімізге кері әсерін тигізуі мүмкін.
Қазақстан арқылы
тасымалданатын тауарлардың дені - тау-кен, металлургия өнімдері, дәнді-дақылдар
және мұнай. Ал транзит арқылы 400-ден астам тауар түрі жөнелтіледі. Басым
бөлігі: автомобилдер, қосалқы бөлшектер, электронды құрылғыларжәне киім мен
тоқыма. Жүк өткізу көлемін келер жылы 10 млн-ға жеткізу туралы арман бар.
Алайда көлік министрлігінің қаңтардағы есебіне сүйенсек, теңіз деңгейі
төмендегелі порт арқылы тасымалданатын жүк айналымы діттеген межеден 30 пайызға
азайған.
Қасым Тілепов, ҚР Көлік
министрлігі Теміржол және су көлігі комитеті төрағасының орынбасары:
Қазір Каспий арқылы бұрынғыдан аз жүк тиеп отырмыз. Бірақ теңіз түбін тереңдеткеннен кейін бұл мәселе шешіледі. Келер жылдан бастап жүкті қалыпты режимде тасымалдай бастаймыз.
Яғни мәселені
шешудің бір жолы –теңіздің таяз бөлігін қазып тереңдету және көтергіш-өтпелі
көпірлерд жөндеу.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау
облысының әкімі:
5,5 жерлерді 8 метрге дейін тереңдету. Құрық портында мұндай жұмыстар аяқталды. Қазір Ақтау портының жұмыстары жүріп жатыр.
Былтыр Қазақстан,
Әзербайжан Грузия тарапы Алтынкөл,Ақтау, Баку, Поти, Батуми және Ахалкалаки
аумағын зерттеп, порттарды дамыту, теңіз түбін тереңдету жөнінде ортақ жоспарәзірлеген.
Вадим Ни, «Save the
caspian sea» қозғалысының негізін қалаушы:
Тереңдету жұмыстары теңіздегі тіршілік иелеріне тыныштық бермейді. Салдарынан олар басқа жаққа ауып кетуі мүмкін, көбеюіне де зиянын тигізеді. Бұл жұмыс жиі жүргізілсе миллиондаған балық түрлері жоқ боп кетеді.
Рашид Жақсылықов, Қазақстан
мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы:
Теңіз таяз болған кезде сол таяз теңіздің жүре алатын кемелер бар ма, болмаса сол таязды қай жерде қандай рельф жатқанын білетін маман керек. Жол салуға болады ғой.
Дина Бейсебай, «KTZ
Express» АҚ компаниясының Логистика департаментінің директоры:
Негізгі жұмыс тереңдету және кемелер санын арттыру. Ауыр кемелер ба. Осы Транскаспий бағыты бойынша біз жеңіл кемелерді алуға жоспарлап жатырмыз.
Экономист Рашид
Жақсылықовтың айтуынша, Қазақстан Каспий теңізінің экономикалық мүмкіндігін
тиімді пайдаланаалмай отыр.
Рашид Жақсылықов,
Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы:
Каспиймен шекаралас елдердің арасында тұрмыстық сауда іске аспай жатыр. Жай ғана қарапайым, түркімендердің кілемі, Иранның өрік-мейізін Өзбекстан арқылы алып отырмыз тікелей теңіздің арғы бетінде тұрған. Ол жерде қаншама балық бар. Ол деген азық және ақша.
Мұны облыс әкімінің
өзі де мойндап отыр.
Бірақ ол жерде де барлық әлеуетті қолданып отырған жоқ. Біріншіден, кеме тапшылығы бар. Мысалы, Құрық порты жалға алып отыр. Көптеген мемлекеттер Түркия, арабтар, Қытай болсын біздің транзиттік дәліздерге қызығып отыр. Бірақ біз барлық потенциалымызды пайдаланған жоқпыз.
Әкімнің айтуынша,
аймақта тағы бір порт салынады. Көлемі қолданыстағы порттардан 2 есе үлкен. Құрылысы
биыл басталады. Бұл нысан сауда-саттық бағытынәртараптандыруға мүмкіндік береді
депүміттенеді.
Терең зерттеу керек. Екіншіден, маман күтіп отыратын уақыт жоқ. Дәл осы мамандықтарда сырттан ғалым шақыру керек. Аямай ақшасын төлеу керек. Олар Каспидің әр шаршы метрін экономикалық мүмкіндікке айналдырса біз ояна бастаймыз.
Әлемде сауда соғысы
жүріп жатыр. Транзиттік бәсеке өте жоғары. Экономикалық тұрғыда бір сәттік
кідіріс –үлкен мүмкіндіктердің жолын кеседі. Ал казгидромет теңіздің төмендеу
үрдісі сақтала беред деп отыр.
Вадим Ни, «Save the
caspian sea» қозғалысының негізін қалаушы:
Казгидрометтің болжамына сүйенсек, алдағы 50 жылдың ішінде 3тен-5метрге дейін, одан әрі 10 метрге дейін, тіпті 18 метрге дейін де баруы мүмкін. Қазірдің өзінде құрғаған жағалаулар 30-35 шақырымға жетті. Өзге елдермен бірлесе отырып Каспийдің қазіргі деңгейін сақтап қалудың қамына кірісу керек. Бұлай жалғаса берсе біз су көлемінің 30-40 пайызын жоғалтамыз.
Алты ай бұрын
Каспийді зерттейтін қазақ ғылыми институты құрылып, 50 шақты маман зерттеуге
кіріскен. Алайда, су айдынын сақтау үшін бес елдің бірге қимылдағаны маңызды.
Тақырып биыл елімізде өтетін экологиялық саммитте де талқыланады. Қарт Каспий
жаһанның назарын аударар бәлкім. Бірақ мына соғыстар мәселені тіпті ушықтырып
барады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы