Жаңа Ата заң: Қандай заңдарға өзгеріс енгізіледі?
Сонымен жаңа Конституция қабылданды. ОСК мәліметі мынадай: Жақтап дауыс берген азаматтардың саны – 7 954 667, бұл дауыс беруге қатысқан азаматтардың 87,15 пайызын құрады. Ал қолдамағандардың саны – 898 099 адам... Референдум өткен соң, экзит-пулл нәтижесі жарияланған түнде Президент Қ. Тоқаев жастармен кездесуде, ертеңіне Ақордада келесі қадамдардың контурына тоқталды. Жастармен әңгімесінде «Жаңа парламент жастардың парламенті болу керек» деді. Ал салтанатты жиында жаңа Конституцияға байланысты жұмыс істеп жатқан Парламенттің қабылдауы тиіс заңдарды атады. Дауыс бергеннен кейін брифингте Конституцияға 2022 жылы өзгерістер енгізілген кезде жаңа Конституция қабылдау туралы идея пайда болғанын хабарлады. «Шамамен екі жыл бұрын іске кірістім. Елімізге жаңа Конституция қабылдау керек деген ұйғарымға келдім... Бұл Конституция елімізді ілгерілетініне ешқандай күмәнім жоқ», – деген... Тағы бір жаңалық: рақымшылық жарияланады. ...Азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болады. Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл – Негізгі заңдағы адамгершілік идеалдары мен прогрессивті құндылықтарды қоғамда орнықтыратын маңызды қадам, – деді. Нақты қандай жаза арқалағандарға рақымшылық жасалатыны екі аптада айқындалады. Үкімет механизмін сол уақытта дайындайды. Бұл жерде арақ ішіп, жүргізуші куәлігінен айырылғандарға рақымшылық жасау сияқты ұсыныстар ойлантады. Ондай адамдар қандай қорқынышты әрекетке барғанын түсініп, енді өйтпейді дегенге сену қиын сияқты.
Референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны – 12 482 613 адам. Дауыс беруге 9 127 192 азамат қатысты. Бұл референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың 73,12 пайызын құрады.
Ерлан Сәрсембаев, ҚР Әділет министрі:
5 дербес конституциялық заңды әзірлеу басталды. Сондай-ақ 8 конституциялық заңға және 60-тан астам заңға түзетулер енгізу қажет.
Парламент қарауына түсетін жаңа конституциялық заңдардың қатарында Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы бес құжат аталып отыр.
Марат Ахмади, Maqsut Narikbayev University профессоры:
Біз Конституцияны өзгертіп қана қойған жоқпыз, мемлекеттің басқару жүйесін түбегейлі өзгертіп жатырмыз. Ол – үлкен трансформация.
Трансформация парламенттің өзінен басталады. Жаңа сессия ашылғанша Құрылтайға сайлау өтетіні хабарланып отыр. Демек оған дейін тиісті заңнамалық база әзірленіп қоюы керек.
Нұрғазы Әнуарбеков, заңгер:
Бір палаталы парламент болғандықтан оған қосымша бір мәртебелер, қосымша бір жүктемелер беріліп жатыр. Сол мәселелер айқындалатын болады және президентпен арақатынасы, үкіметпен арақатынасы айқындалады.
Жаңа ұлттық диалог алаңы ретінде саяси өмірге енгелі тұрған Қазақстан Халық кеңесі туралы Конституцияның 6-бөлімі 2-ақ баптан тұрады. Онда консультативтік органның қызмет аясы, заң шығаруға және референдум тағайындауға бастамашылық ете алатыны ғана қамтылған. Егжей-тегжейі дербес заңда жазылмақ.
Марат Ахмади, Maqsut Narikbayev University профессоры:
Cайлану принциптері кім сайланады, қалай сайланады сол мәселе белгіленеді. Содан кейін заң шығару бастамашылығы дедік. Бұл процестің қалай жүретіндігі, механизмдері. Бұл орган қай уақытта жиналатындығы. Содан кейін Үкіметпен, Құрылтаймен байланысы, вице-президентпен байланысы.
Осылайша Құрылтай мен Халық кеңесі сынды тың саяси институттарға қатысты Конституциялық заңдар жаңадан жазылады. Оның қатарындавице-президент институты да бар.
Марат Ахмади, Maqsut Narikbayev University профессоры:
Конституцияға қарасақ, бұл президентке қатысты тараудың ішінде орын алған. Сондықтан вице-президент үшін жаңа бір заңның қабылдануы керек емес. Бұл ҚР Президенті туралы заңның ішінде өзгерістер жасалуы ықтимал.
Вице-президенттің өкілеті заң емес, мемлекет басшысының арнайы жарлығымен де айқындалуы мүмкін. Ал Астана мәртебесі мен әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы бұрыннан бар құжаттар конституциялық заң деңгейіне көтеріліп, қайта жазылмақ. Жаңа Ата заңның мәтіні соны талап етіп отыр.
Нұрғазы Әнуарбеков, заңгер:
Ол Астананың мәртебесі туралы заңмен айқындалған болатын. Енді қалалардың дамуына, ерекшеліктеріне байланысты да конституция ішінде нормалар бар. Соған байланысты мүмкін белгілі бір бағыттарда Астананың ерекше мәртебесін айқындайтын қосымша нормалар айқындалуы мүмкін.
Парламент бірлескен отырысында осы жұмада қарай бастаған тағы бір Конституциялық заң бар. Ол «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» деп аталады. Жаңа Конституцияның 5-бабында жекелеген өңірлердің экономикасын дамыту үшін «қарқынды дамитын қала» деген арнаулы құқықтық режимді Конституциялық заң арқылы енгізуге болатыны жазылған.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Осыған сәйкес Алатау city жобасы дербес экожүйе ретінде қарастырылады. Ол жеке қаржылық модельге, арнайы басқару режиміне және жаңа институционалдық негізге сүйенеді.
Жаңадан әзірленген осы құжаттардан бөлек, тағы 8 конституциялық заңға түзету енгізілетіні хабарланып отыр.
Марат Ахмади, Maqsut Narikbayev University профессоры:
ҚР Үкіметі туралы, Сайлау туралы, Сот жүйесі туралы конституциялық заңдарға корректировка жасалады.
Ал өзгеретін өзге де 60-тан астам заң мен кодекс саяси-қоғамдық өмірдің сан-саласын қамтиды.Ол қатарда бір жарым жыл бұрын ғана қабылданған «Масс-медиа туралы» заң да бар.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:
Құқықтық базада сөз еркіндігі, цензураға жол бермеу, азаматтардың ақпаратты алу және тарату құқығы қағидаттарын жан-жақты айқындау көзделіп отыр.
Дербес деректерді қорғау және киберқауіпсіздік туралы заңдар да өзгереді.Себебі конституцияның 21-бабында азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы бекітілген. Бұл новелла әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылық туралы кодекстерді де Ата заңға сәйкестендіруді талап етеді.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
Дербес деректердің жаппай таралғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу және әкімшілік айыппұлдың шегін 5 мың АЕК-ке дейін арттыру қарастырылып отыр.
Осылайша құқықтық негіз бен саяси құрылымды өзгерту жыл соңына дейін жалғасады деп отыр билік. Бекітілген жаңа Конституция сол ауқымды жұмыстың басы.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы