Президент Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті
Президент ұлыстың ұлы күнін Түркістан жұртшылығымен қарсы алды. Мерекелік концертке қатысып, арнайы дайындалған көрмені тамашалады. Зиялы қауым өкілдерімен кездесу кезінде елдегі ауқымды өзгерістерді түсіндіріп, түйткілді мәселелерді де көтерді. Өңірге арнайы барған әріптесім Оңғар Алпысбайұлы жалғастырады.
Тамыры тарихқа бойлаған, әр тасы шежіре шерткен киелі мекен – Түркістан. Бұл – ұлт рухы жаңғырып, дәстүр мен тағылым тоғысқан қасиетті шаһар. Мемлекет басшысы ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті.
Президент қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады
Түркістан – тек тарихи шаһар емес, білім мен парасаттың ордасы, зиялы қауым мен белсенді азаматтардың мекені. Президент өңірдің дамуына үлес қосып жүрген ғалымдармен, мәдениет қайраткерлерімен және қоғам белсенділерімен арнайы кездесіп, ел болашағына қатысты ой бөлісті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Әз-Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – мән-мағынасы кең ұғым. Бұл – ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы деген сөз. Ең бастысы елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін. Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын! Ата заңымыз өз тұғырынан түспесін! Туымыз биікте желбіресін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Президент өңірдің даму қарқынын жоғары бағалады
Түркістан қаласына ықыласым ерекше деген Президент бұл шаһарда қазақ елі үшін тағдыршешті талай шешім қабылданғанын еске салды. Жуырда қаланың мәртебесі туралы арнайы заң да қабылданды. Ал көп ұзамай мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясау ордені енгізілмек. Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың бүгінгі даму қарқынын да жоғары бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Былтыр аймақ экономикасы 14 пайызға өсті. Барлық салада жақсы көрсеткіштер пайда болып жатыр. Салық түсімі алғаш рет 1 триллион теңгеден асты. Аймаққа 1,7 триллион теңге инвестиция тартылды. Бүгінде облыстың даму қарқыны жалпы жақсы деп айтуға болады, көптеген жұмыс істеліп жатыр. Әкім Нұралхан Көшеров белсенді түрде жұмысқа кірісті, өзі жергілікті ахуалмен таныс, жұмысының нәтижесі сәтті болады деп ойлаймын.
Президент референдумға қатысқан ел азаматтарына ризашылығын білдірді
Облыста басталғанымен игілікке берілмей жатқан жобалар да бар. «Самрұқ-Қазына мен жергілікті әкімдікке бу-газ қондырғысының құрылысын тездету тапсырылды. Жалпы, қазір еліміз түбегейлі өзгерістер кезеңіне қадам басты. Қазақстандағы конституциялық реформа халықаралық деңгейде де жоғары бағаға ие болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шет елдердің басшылары, саясаткерлер және сарапшылар біздің Конституциялық реформаға аса зор ықыласпен қарап отырды. Олар Қазақстан конституциялық реформаға жаңаша көзқараспен қарап, кең ауқымды өзгерістер жасағанын, еліміз Конституцияның мән-мазмұнын өзгертіп, мүлде жаңа тұрпатты ел болғанын айтып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев референдумға қатысып, мемлекетіміздің тағдырына бей-жай қарамаған бүкіл ел азаматтарына шынайы ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Отаншылдық дегеніміз әдемі сөз сөйлеп, жұрт алдында керемет болып көріну емес, бұл – ең алдымен елге пайда әкелу, Отанға деген адалдықты нақты іспен көрсету. Ал, еңбекқорлық халқымыздың болмысына сіңген қасиет болуға тиіс.
Президент жаңа Конституция өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды
Жаңа колнституция жастарға бағытталған құжат. Өйткені, жанашыр ұрпақ қана Қазақстанның көркеюіне мол үлес қоса алады.
Жанар Темірбекова, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры:
Соңғы уақытта ғылыми зерттеу жұмыстарына жас ғалымдардың тартылуы. Бұл өте маңызды болды. Қазірдің өзінде осы жобалардағы жас ғалымдардың үлесі 30 пайызға жетіп отыр. Бұл не деген сөз? Магистратура, доктарантура оқып жүрген біздің жас ғалымдарымызбен қатар 3-4 курс студенттері де осы жобаларға белсенді қатысып жатыр.
Дәулет Мұсаев 26 жылдан бері медицина саласында еңбек етіп келеді. Жаңа конституцияда цифрлық қауіпсіздіктің көрініс табуы халықтың бізге деген сенімін арттырады деп отыр.
Дәулет Мұсаев, Түркістан облысы Сайрам аудандық «Қарабұлақ» ауруханасының бас дәрігері:
Қазіргі таңда әрбір азамат оцифровонный ғой. Бүкіл науқастың мәліметі барлығы интернетте. Референдумға қатысты өзгерістің ішінде Әр адамның жеке ЕЦП ақпараттық қауіпсіздігі осы жерде қатты қаралған. Осы нәрсе бізге керек нәрсе еді. Әрбір азаматтың мәліметі сыртқа шығып кетпеуі керек еді.
Президент қарулы қақтығыстар болып жатқан елдерге үндеу жасады
Президент түркі жұртының рухани астанасында тұрып, әлем елдеріне үндеу де жасады. Түркістанды Таяу шығыстағы қақтығысты тоқтату алаңы ретінде ұсынатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең алдымен, азаматтық, экономикалық нысандарға қарулы шабуылдарды тоқтату керек. Содан соң келіссөздерді бастау керек. Қазақстан бұл күрделі ахуалда дәнекер болғысы келмейді, бірақ өзіміздің жерімізді бейбіт келіссөздер үшін ұсынуға дайынбыз. Меніңше, Түркістанда осындай келіссөздер өткізуге болар еді.
Президент еліміздің әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды
Қазақстан жаһанға алаң ұсынатын бейбітшілік пен келісімнің ордасы ретінде танымал. Инвестициялық, экономикалық көрсеткіштеріміз де жыл сайын жақсарып келеді.
Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Жалпы ішкі өнім 306 миллиард долларға жетті. Ал оның жан басына шаққандағы үлесі алғаш рет 15 мың доллар болды. Бұл – ТМД елдерінің арасындағы рекордтық көрсеткіш.
Президент су, ауыл шаруашылығы, жол құрылысы сияқты маңызды салалардағы жұмыстарға да тоқталды.
Ербол Көкенов, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты:
Түркістан облыс орталығы болғанда Түркістан қаласында тал өспейді деген де әңгімелер болған. Қазіргі таңда «Таза қазақстан» идеясы жобасында жылына миллионнан астам ағаш көшеттері отырғызылуда. Жалпы бұл идея халқымыздың экосанасы мен экомәдениетін түбегейлі өзгерткен идея болды.
Бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды
Жиын соңында мемлекет басшысы ел дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Зиялы қауым өкілдері тосыннан болған сый ерекше әсер қалдырғанын жасырмады.
Жарқынбек Құлбайымбетов, Түркістан қаласы ардагер мұғалімдер кеңесінің төрағасы:
Марапаттау болады деді. Сөйтіп 4-5 адамнан кейін Құлбайымбетов Жарқынбек дейді. Мен не алар екем енді? Мен білмеймін ғой не берейін деп жатқанын. Сөйтіп шақырып алып Парасат ордені дейді. Ойбай біраз жерге барып қалыппын ғой мен.
Әлия Қасымбек, Ясауи университеті заң факультетінің деканы:
Ел басқарып отырған адамдардың аурасы, мысы мүлде басқа. Сондықтан кішкене қобалжу болды.
Президент Наурыз мерекесіне қатысты
Президенттің киелі мекенге сапары ұлыстың ұлы күні, Әз Наурызбен тұспа-тұс келді.
Оңғар Алпысбайұлы, Тілші:
Ұлыстың ұлы күні ұлтымыздың ұлы мұратымен ұштасқан жаңғыру мен жасампаздықтың белгісі Мемлекет басшысы жылдағы дәстүрінен жаңылмай биыл да бұл мерекені жұртшылықпен бірге қарсы алды.
Түбі бір түркі халқына ортақ мерекеде жастар өздері ойлап тапқан тың шешімдері мен ғылыми жетістіктерін таныстырды. Айару Қалыбек 11 сынып оқушысы. Сыныптасымен бірге зағип жандар еркін жүріп-тұруы үшін жасанди интелект негізінде жұмыс істейтін көзілдірік ойлап тапқан.
Айару Қалыбек, 11-сынып оқушысы:
Зағип жан осы микрофонға командалық запростар тастайды. Мысалы алдымда қанша адам тұр? Сағатты маған айт. Немесе жақындағы дәріханаға дейінгі маршрутты құрастыр деген сияқты. Ол жасанды интелект ақпаратты анализ жасап, осы құлаққап арқылы қолданушыға айналасында не көріп тұрғанын, қай жерге дейін бару керек, қалай жүру керек барлығын бағыттап отырады.
Таныстырылған жобалардың ішінде түрлі мақсатта пайдаланылатын роботтар, жердің атмосфера қабатын зерттейтін шағын спутник, тіпті, дронлдар футболы да болды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа қыш және ағаш шеберлерінің жұмыстары, тігін мен зергерлік өнер үлгілері, тері бұйымдары, сондай-ақ сан алуан дәстүріміз бен рухани қазынамызды бейнелеген суретшілердің туындылары көрсетілді. Бұдан бөлек, Президент ұлттық спорт ойындарын тамашалады. Мерекелік іс-шара өнер ұжымдарының концертімен жалғасты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы