Бурабай ауданында жаңа мәдениет үйі ашылды
Ақмола облысының Бурабай ауданындағы 3 мыңға жуық тұрғыны бар ірі елді мекенде заманауи мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында Щучинск қаласының 38 тұрғыны баспаналы болды.
Пәтер кілттері әлеуметтік аз қамтылған жанұялар мен жетімдер және көпбалалы отбасыларға берілді. Бурабай ауданында жекеменшік құрылыс компанияларынан дайын пәтер сатып алу жұмысы жақсы жолға қойылған. Бизнеспен ықпалдастықтың арқасында жыл соңына дейін 86 пәтер, ал келесі жылы тағы 100 пәтерді сатып алу көзделуде.
Анар Хасенова, Щучинск қаласының тұрғыны:
Бәрінен де балаларым қуанышты. Өздерінің бөлмелері бар. Үйге кіргеннен бастап, мынау менің бөлмем, мынау менікі деп екі қызым, екі ұлым бар. Өздері таңдап алған еді. Ең бастысы балаларым бақытты. Осы уақытқа дейін біз 7 жыл бойы пәтер жалдап жүрген болатынбыз. Қуаныштың көз жасы, кілтті алғанда да солай қуанғанбыз. Өте қуаныштымыз.
Бурабай ауданындағы Қатаркөл ауылында да алғаш рет әрқайсысы 2 отбасыға шақталған қос жер үй салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ ауылда халық көптен күткен заманауи мәдениет үйі ашылды. Бұл қуанышты күнді жергілікті халық 30 жыл бойы күткен. Жалпы аумағы 900 шаршы метр болатын ғимаратта 200 орындық көрермен залы, кітапхана және түрлі үйірме залдары бар.
Өтелбай Бейсенов, Бурабай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Бұл біздің болашағымызға салынып жатқан инвестиция. Себебі, мәдениетті адам заңды да бұзбайды, ешкімді ренжітпейді де, сондықтан да мәдениет ошағы бар жерде халықтың бәрі адал еңбек етіп, патриотизмнің бір ұшқыны осындайда тиетін нәрсе. Мәдениеті бар жерде, әдебиет бар, өнер бар, өмір бар, алға басу бар. Сондықтан өте қуаныштымыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы