Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Израиль қорғаныс министрлігі Иранның барлау министрі Эсмаил Хатибті де мерт қылғанын жариялады. Бұған дейін ЦАХАЛ-дың соққысынан Ислам Республикасының Жоғарғы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әли Лариджани қаза тапты.

Иран Ормұз бұғазын жапқандықтан Ирак өз мұнайын Түркияның Джейхан порты арқылы экспорттауға кірісті. Осы хабардан кейін әлем нарығында Brent маркалы шикізаттың бағасы 0,3 пайызға арзандап, 103 доллар 12 центке дейін төмендеді.

Украина президенті Лондонға сапарында Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы аймағына 201 әскери маман жібергенін мәлімдеді. Владимир Зеленский айтуынша, олар Араб Әмірліктері, Қатар, Кувейт, Сауд Арабиясына Иранның «шахед» атты дрондарынан қорғануға жәрдемдеспек.

Ауғанстан тұрғындары Кабулде Пәкістанның әуе соққысынан қираған нашақорлар клиникасынан туыстарын іздестіріп жатыр. Тәліптер үкіметінің мәліметінше, екі күн бұрынғы шабуылдан кемінде 408 адам қаза тапқан.

Кубада электр жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. 10 миллиондай тұрғыны бар арал Американың мұнай блокадасы салдарынан дүйсенбі күні түгелдей жарықсыз қалды.


Бөлісу