Үкімет жаңа Конституцияны жүзеге асыруды бастады
20 наурызда Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтеді. Бүгін Үкімет жаңа Конституцияны жүзеге асыруды бастады. Министрлердің жоспары қандай? Елде не өзгереді? Жанел Нұрболатқызы тарқатады.
Елде 60-тан астам заңға өзгеріс енгізілмек. 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енетін бас құжат «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделген. Демек, министрлер кабинетінің алдында ауқымды жұмыс тұр. Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң да өтуі керек.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Бүгінде жаһан жұртының Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көшбасшылығына және қабылданған Конституциямыздың прогрессивті сипатына куә болғанын көріп отырмыз. Өз кезегінде біз, Президенттің командасы ретінде реформалардың сапасы мен қарқынын қамтамасыз етуіміз керек.
Ведомство басшылары жоспар әзірлеген. Әуелі Премьер-министрдің орынбасары Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз сөйлеп, жаңа Ата заң күшіне енгеннен кейін масс-медиа туралы заңға өзгеріс енетінін жеткізді.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:
Атап айтқанда, сөз еркіндігі, цензураға жол бермеу, азаматтардың ақпаратты алу және тарату құқығы қағидаттарын жан-жақты айқындау көзделіп отыр.
Амнистия аясында айыппұлдар кешірілуі мүмкін. Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың айтуынша, қазір нақты қандай айыппұл түрлері есептен шығарылатыны талқыланып жатыр.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Рақымшылық туралы заң қабылданғаннан кейін оны іске асыруға қатысамыз. Террористік, экстремистік, сыбайлас жемқорлық сипаттағы, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар жасағандар, сондай-ақ рецидивистер мен іздеуде жүргендер бұл тізімге кірмейді.
Білім саласында да өзгеріс бар. Мектеп оқулықтары жаңадан жазылып, жаңа баспадан шығарылады. «Өйткені қолданыстағы кітаптар 8 жыл бұрын басылған. Мазмұны да содан бері жаңартылмаған», - деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Оқулықтардың мазмұны жаңа конституциялық өзгерістерге сай қайта қаралып, заманауи талаптарға сай жаңартылатын болады. 5-9 сыныптарда іргелі ғылымдарды тереңдетіп оқытуға басымдық беріледі. Сонымен қатар 8-9 сыныптарда Қазақстан географиясы пәнін аптасына екі рет енгізу қарастырылып жатыр.
Жаңа Конституцияда жеке деректерді қорғауға да айрықша көңіл бөлінген. Мемлекеттік органдар сіз туралы қандай ақпаратты пайдаланып отыр? Енді мұны арнайы базадан біліп отырасыз.
Жаслан Мәдиев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
Дербес деректердің жаппай таралғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу және әкімшілік айыппұлдың шегін 5 мың АЕК ке дейін арттыру қарастырылып отыр.
Парламент палаталарының бірлескен отырысы 20 наурызда өтеді. Әзірге белгілісі - Алатау қаласының мәртебесі туралы конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралады. Ал екінші оқылым 27 наурызда болады. Премьер-министр 10 сәуірге дейін жаңа Ата заңды жаппай басып шығарып, мемлекеттік органдарға, білім беру, мәдениет ұйымдарына, кітапханалар мен сауда орындарына жеткізуді де тапсырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы