18 наурыз – Ұлттық киім күні
18 наурыз – Ұлттық киім күні. Осыған орай Астанада «Ұлттық киім» шеруі өтті. Мәдени мұра мен ұлттық құндылықты дәріптеуге бағытталған шараны «Қазақстан» телерадиокорпорациясы ұйымдастырды. Оған 150-ден астам адам қатысуға ниет білдірді. Әрқайсысы дәстүр мен заманауи сәннің үйлесімін көрсету үшін ерекше киініп келген.
Айжан Иманғали, тілші:
Міне, модельдер дефилеге шықты. Олар жай ғана жүріп келе жатқан жоқ, олар қазақтың дәстүрлі әндерін орындап келе жатыр. Қараңыздаршы, заманауи стиль мен этно мотивтер қалай үйлескен! Әрбір костюм - өнер туындысы. Мұндай «Ұмай ана» әжелер коллекциясы және сән орталықтарының киімдері ұсынылып жатыр. Барлығы отандық дизайнерлердің туындысы. Адамдардың күнделікті өмірде киюіне ыңғайлы шапандар мен комзол, ою-өрнегі бар қазіргі трендтегі худи, бомбер, классикалық костюмдер көпшілік назарына ұсынылуда. Сондай-ақ күмістен жасалған әшекей бұйымдар, белдіктер, заманауи стильде үйлестірілген. Бұл жай ғана киім емес, бұл біздің ұлттық құндылығымыздың, мәди мұрамыздың жаңаша туындысы.
Айгүл Қамеденова, Астана тұрғыны:
Өзіме өте жақсы жарасып тұр деп ойлаймын. Басымдағы шекелікпен бәрі әдемі үйлесіп тұр. Күнделікті өмірде мен киіп жүрмін, әртүрлісі бар және көпшілік назар аударады. Ұлттық құндылықтарымызды неге дәріптемеске? Қызыммен бірге келдім, қызыма ананы қарашы, мынаны қарашы деп, кәдімгідей өзім тамсанып жүрмін.
Айта кетейік, елімізде Наурызнама онкүндігі өтіп жатыр. Осының аясында бүгін – «Ұлттық киім» күні. Ал осындай шаралар ұлттық киім халықтың мәдени болмысы мен бірегейлігінің маңызды бөлігі екенін көрсетеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы