Шығыс Қазақстанда су тасқынына қарсы арнайы штаб құрылды
Шығыста су тасқынына қарсы жұмысты үйлестіретін әр аудан мен қалада арнайы штаб құрылды. Қазір аймақта жағдай тұрақты. Жазықта қар біртіндеп еріп жатыр. Ал тауда әлі көбесі де сөгілген жоқ. Өзен-көлдегі мұз да наурыздың екінші онкүндігі мен сәуірдің аяғына дейін ериді. Осы аралықта шығыстағы Қара Ертіс, Үлбі, Бұқтырма, Күршім, Абылайкит, Ақсу өзендерінде мұз кептелуі мүмкін. Сондықтан мамандар осы өзендерде кептеліс болатын аумақтарды анықтап мұз жару жұмыстарына кірісті. Ал жалпы өңірде осы қыста елді мекендерден 335 мың текше метр қар шығарылды. Қазір аймақта қарғын суға дайындық ретінде 4 мыңға жуық адам, 556 техника, 75 жүзу құралы және 234 мотопомпа әзір тұр. Оған қоса 82 мың дана қап, 10 тонна инертті материал, 393 тонна жанар-жағармай да дайындалды. Егер су басу қаупі төнсе халықты уақытша көшіруге арналған 13 мың адам сыятын 137 эвакуациялық пункт жасақталды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы