Кабулде 400 адам Пәкістан шабуылынан қаза тапты
Оңтүстік Азияның екі ислам мемлекеті – Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы шиеленіс әлі күшейіп тұр. Ақпанның соңында қайта жанданған әскери қақтығыс өткен тәулікте қайта ушығып, Пәкістан Кабулды бомбалады. Жүздеген адам қаза тапқан. Аймақтан жеткен жаңалықтарға Арыстан Рысбек толығырақ тоқталады.
Пәкістан әуе күштері Ауғанстан астанасы Кабулге соққы беріп, кемінде 400 адамды мерт қылды. Шамамен 250 тұрғын жараланған. Жергілікті үкіметтің баспасөз хатшысының орынбасары Хамдулла Фитрат айтқандай, снарядтардың бірі 2000-орындық нашақорларды емдеу госпиталіне тиіп, оның айтарлықтай бөлігін қиратқан. Куәгерлердің сөзінше, ауруханаға шабуыл дүйсенбі күні кешкісін жасалды.
Хуссейн Резаи, аурухана пациенті:
Бұл оқиға кешкі сағат 8 жарым шамасында болды. Ұшақ жақындап келіп, екі бомбаны тастап жіберді. Оның зардабын өздеріңіз көрдіңіздер. Талай пациент үйінді астында қалды. 80-90 адамның ауруханаға жөнелтілгенін көрдім.
Айта кетсек, Кабул бомбаланардан бірнеше сағат бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы Ауғанстанды терроризммен күресуге шақыратын қарарды бірауыздан мақұлдады.
Фу Конг, Қытайдың БҰҰ-ғы елшісі:
Бұл резолюция Ауғанстанда әрекет етіп жатқан террористік ұйымдардың әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіретінін ерекше атап өтеді. Біз ауған үкіметін «Даиш», «әл-Каида», «Пәкістандық Талибан» тәрізді лаңкестік күштермен күресте Қауіпсіздік кеңесінің қарарына сәйкес қатаң шаралар қолдануға шақырамыз.
Айта кетсек, Исламабад Ауғанстанды пәкістандық тәліптер мен «Белуджистанды азат ету армиясының» сепаратистеріне баспана берді деп айыптап отыр. Алайда Кабул мұны мойындамай, Пәкістанды «Ислам мемлекеті» содырларын бүркемелеп, оларға жәрдемдесті деп кінәлап келеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы