Басты Жаңалықтар Астанада 3 мың оқушы бір уақытта асық ойнады

Астанада 3 мың оқушы бір уақытта асық ойнады

Бүгін елордада үш мыңға жуық оқушы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында асық ойнады. Оқушылар ұлттық асық ойыны шарасына қатысып қана қоймай, «Алтын сақа» флэшмобын ұйымдастырды.

Қатысушылар музыкалық сүйемелдеумен түрлі би элементтерін орындап, флэшмобтың мазмұнын аша түсті. Олар арнайы қойылымда сап түзеп, асықтың «алшы» қалпын және «Алтын сақа» жазуын бейнеледі. Одан кейін жасанды интеллект жүргізушісі қаладағы барлық балабақша мен мектептерде асық ойынының басталуын ресми түрде жариялады. Осы сәттен бастап 15 000-нан астам бала бір мезетте асық ойынын бастады. Ұйымдастырушылар мәдени-спорттық іс-шара «Ұлттық спорт күніне» орай ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған дейді. Осылайша қатысушылар жай ғана асық ойынын ойынап қоймай, қол икемін, көз дәлдігін арттырып, шымыр әрі зерек болуды үйренді.

Айдар Бақытжанұлы, 7-сынып оқушысы:

Бала кезден бұрын ауылда ойнайтынмын. Ауылда үйреніп өстім оны. Асық ойнауда дәл тигізуді үйрендім және дұрыс тұруды үйрендім. Флешмоб биі де, ойындары да, сөйлегендері де өте көңілді және күшті.

Мәдина Сүлейменова, қалалық білім басқармасының маманы:

Асық ойнау қала баласы үшін өте таңсық нәрсе. Ұлттық ойындар, асық, атқа міну, теңге алу, тай жарысы дегеннің бәрі ауылды жерде өтеді, ал қала баласы үшін өте таңсық нәрсе болғандықтан, сол асық ойнасын деп осыны бастап отырмыз. Бұл алғашқы қадам. Неге бастап отырмыз? Өйткені биылғы оқу жылынан бастап дене шынықтыру сабағына асық ойыны кіргізілген болатын.


Бөлісу