Трамп Ормұз бұғазын қайта ашуға әлем елдерінен көмек сұрады
Таяу Шығыстағы соғыс үшінші апта жалғасып жатыр. Иран АҚШ пен Израильдің шабуылдарын тоқтату үшін қазір әлем экономикасын кепілдікке алғандай. Ормұз бұғазы жабылғандықтан, дүниежүзілік нарыққа миллиондаған баррель мұнай жетпей, талай елге жанармай тапшылығы мен қымбатшылық қаупі төніп тұр. Ал Трамп НАТО-дағы одақтастарынан да, тіпті Қытайдан да көмек сұрады. Бірақ ешқандай ел танкерлер мен сауда кемелерін қорғау үшін Парсы шығанағына әскер жіберуге келіспей отыр. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы бүгін 17-күнге ұласты. Иран әскери қуаты жағынан өзінен әлдеқайда басым қарсыластастарының шабуылын тоқтату үшін жаһан экономикасын іс жүзінде кепілдікке алды деуге болады.
Тегеран танкерлерді атқылауға кірісіп, әлем мұнайының 20 пайызы өтетін Ормұз бұғазын жапқалы, «қара алтын» бағасы 100 доллардан төмендемей тұр. Энергетикалық шикізат қоры азайған талай елдің жанармай құю станцияларында ұзынсонар кезек.
Қазір Ормұз арқылы газ бен тыңайтқыш тасымалдау да қауіпті. Соның салдарынан кедей елдер биыл азық-түлік тапшылығына тап болуы мүмкін.
АҚШ президенті Дональд Трамп болса, бұл бұғазды қайта ашу үшін өзге елдерден көмек сұрауға мәжбүр.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Мен ол елдерден өз территорияларын қорғауды талап етемін. Себебі олар қажетті энергияны дәл осы жерден алады. Бұл мемлекеттер бізге келіп, жәрдемдесуі керек.
Бірақ Трампқа Қытай түгіл, Австралия, Жапония, Оңтүстік Корея және өзі талай рет даттаған НАТО елдері де құлақ асып отырған жоқ. Яғни, бүгінше, ешқандай мемлекет Ормұзға барып, танкерлерді Иранның шабуылдарынан қорғауға уәде бермеді. Ал Германия «бұл біздің соғыс емес» турасын айтты.
Ирандағы жағдай мұнай нарығымен бірге әлемнің авиация саласын да тығырыққа тіреп отыр. Қарулы жанжал кесірінен қазір Таяу Шығыстағы Дубай, Доха, Әбу-Даби тәрізді хабтардың қызметі шектеліп, рейстер доғарылып, мыңдаған жолаушы сапарға аттана алмай отыр.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, Иран энергияны басты қару етіп, тайталасты ұзақ жалғастыратын болса, әлем экономикасының жағдайы қиындауы мүмкін.
Навин Дас, KPLER компаниясының мұнай жөніндегі аға сарапшысы:
Ирандықтар АҚШ-та аралық сайлау өтетін жылы бағаны көтеру үшін энергиямен, мұнаймен байланысты инфрақұрылымды нысанаға алып жатыр. Энергия – олар үшін Американы тоқтататын жалғыз ғана қару. Меніңше, мұның жаһандық инфляцияға әсері айтарлықтай болады. Айтпағым, бүкіл әлемде түрлі тауарларға баға өсуі ықтимал.
АҚШ әкімшілігінің сөзінше, Иранның әскери әлеуеті жойылды. Бірақ осындай мәлімдемелерге қарамастан, Тегеран өткен тәулікте де Парсы шығанағы елдерін шабуылдауды жалғастырып, Дубайда отын багы өртеніп, әуежай қызметін уақытша тоқтатуға тура келді. Ал Сауд Арабиясының шығысына 34 дрон құлаған. Екі елден де зардап шеккендер туралы ақпарат түспеді.
Cонымен қатар,
ирандық ракетадан Тель-Авивте де жарылыс болды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы