Басты Жаңалықтар Мәслихат депутаттарының III республикалық форумы өтті

Мәслихат депутаттарының III республикалық форумы өтті

Ауыл, аудан мен қалалалардан келген 2000-ға жуық Мәслихат депутаты бас қалада бас қосты. Осымен үшінші рет өтіп отырған форум олар үшін - орталық пен аймақты біріктіріп, түйінді мәселелерді талқылайтын, пікір алмасатын таптырмас алаң.

Ауылдардың бюджеті ұлғаяды

Мінберде айтылған салмақты ой-пікірлер Парламенттің, Үкіметтің алдағы жұмысында ескеріледі деді Президент. Сонымен бірге миллиондаған отандасымыздың мүддесін қорғап жүрген депутаттарға мемлекеттік басқару жүйесі, экономика және әлеуметтік сала түбегейлі жаңғырып жатқанын еске салды және қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі, ауыл бюджетіне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз жергілікті биліктің әлеуетін және аймақтардың қаржылық дербестігін біртіндеп күшейтіп жатырмыз. Былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асты. Бұл қаражаттың үштен бірі – елді мекендердің өз табысы. Оның үстіне, еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жетті. Бұл – едәуір жақсы көрсеткіш. Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болмақ.

Яғни, енді ауылдар кең таралған пайдалы қазбалар өндірісіне, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жаратады. Оған қоса заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге бағытталмақ. Сондай-ақ аймақтарға жекелеген қызмет түрімен айналысуға арналған лицензиялық алымнан, экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат та берілуі мүмкін.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Президент аймақтарда бюджетті жоспарлау және орындау жұмысының сапасын арттыру керек деді. Өйткені қазіргі тәртіп бойынша жергілікті бюджет бекітілген кезде депутаттарға тек жалпы мәлімет ұсынылып, толық түсіндірме берілмейді. Бюджет жобасы мәслихатқа көбіне соңғы сәтте жолданады. Сондықтан депутаттар оны үстіртін қарап, қысқа мерзімде қабылдауға мәжбүр. Салдарынан қаражат халықтың нақты қажеттіліктерін өтемейтін, тиімсіз жобаларға жұмсалып жатады.

Президент: Мәслихаттың өкілеттілігін кеңейту керек

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай келеңсіздікке тосқауыл қою үшін әкімдіктердегі бюджеттік комиссияның құрамына білімді, беделді мәслихат депутаттарын қосқан жөн деді. Жиында Мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу қажет екені және ішкі жұмыс тәртібін ретке келтіріп, қайта қарау қажеттігі айтылды. Олардың көптеген құзыреті әлі күнге дейін айқын емес. Бұл ахуал мемлекеттік басқару үдерісіне кедергі келтіріп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сондықтан өз міндетін орындамаған немесе этиканы бұзған мәслихат депутаттарының жауапкершілігін күшейтетін нақты шаралар қабылдау қажет. Мұндай қадам халықтың саяси мәдениетін дамытуға және өкілді билік институтына деген сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Президент енді мәслихат төрағаларын ротация тәртібімен ауыстыру қағидатын енгізу керек деді.

Нұрбек Қарасаев, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты:

Бұл өте дұрыс нәрсе. Себебі бір өңірде алған тәжірибелері екінші өңірде жарамды. Немесе әр өңірдің бір-бірімен сәйкес еместігі де немесе олардың білітіліктерін қолдануға мүмкіндік береді. 

Президент Мәслихат депутаттарының сайлану тәртібіне қатысты мәселенің де басын ашты. Мемлекет басшысы Аймақтарда мажоритарлық, яғни бір мандатты жүйе сақталады деді. Сондай-ақ алдағы маңызды саяси науқан – рефрендумға да тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азаматтар референдумда Конституция жобасын қолдап жатса, еліміздің саяси құрылымы түбегейлі өзгереді. Біз мүлдем жаңа конституциялық үлгіге немесе модельге көшеміз.

Жаңа Конституция – жастарға өмірде бағыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспеттес

Президент сонымен бірге Жаңа Конституцияның мазмұны шын мәнінде халықтық сипатқа ие екенін атап өтті. Бұл маңызды құжат жұртымызға, әсіресе өскелең ұрпақ пен жастардың игілігіне қызмет ететініне тоқталды. Жаңа Конституция – жастарға өмірде бағыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспеттес. Өйткені өзгерістерге толы жаңа дәуірде елдің де, жердің де иесі, қорғаны – жастар. Сондықтан бұл құжатты Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы орнықты дамуына негіз қалайтын саяси тұғыры десек, қателеспейміз деді мемлекет басшысы.

Қазақстан биыл әлемдегі экономикасы қуатты 50 мемлекеттің қатарына қосылды

Иә, жаңа дәуірге қадам бастық. Озық ойлы ұлт ретінде қазіргі сын-қатерлерге бейімделіп, оған жасампаздықпен жауап беруіміз қажет деді Президент. Жиында экономикалық көрсеткіштеріміз де сөз болды. Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 306 миллиард доллар болды. Соның нәтижесінде еліміз биыл әлемдегі экономикасы аса ірі 50 мемлекеттің қатарына қосылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шетелден тартылған таза инвестиция көлемі бойынша Қазақстан Орталық Азияда көш бастап тұр, яғни 150 миллиард доллардан астам қаражат тартылды. Бұл - Орталық Азиядағы тікелей шетел инвестициясының 69 пайызы деген сөз. Еліміздің алтын-валюта қоры – 74 миллиард долларға, ал жалпы жинақталған қор 139 миллиард долларға жетті. Бір сөзбен ұлттық экономикамыз жалпы тұрақты түрде өсіп келеді. Ең маңыздысы мұны сапалы өсім деуге болады.

Президент: Еліміздің басты байлығы – халық

Президент еліміздің ең басты байлығы – адам деді. Қазақстан халқы тұрақты түрде өсіп келеді. Бүгінде 20,5 миллионнан астық. Бірақ мәселе тұрғындардың санында емес, адам капиталының сапасында. Ең бастысы Мемлекет әрбір азаматы үшін жауап береді, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Азаматтарымыз әлемнің қай қиырында жүрсе де, оларға өз мемлекеті – Қазақстан Республикасы қамқор болып, көмек қолын созуға дайын екенін біледі. Бұған жақында Таяу Шығыстағы қақтығыстың ортасында қалған туристеріміз, қажылық сапарға аттанған отандастарымыз, кәсіпкерлеріміз көз жеткізді. Отандастарымызды жедел эвакуациялау тапсырылды. 9 мыңға жуық отандасымыз оқ пен оттың ортасынан аман-есен елге оралды. Бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Барша отандасымызға белгілі ақиқат бар: көк паспорт иелері әрқашан және кез келген жерде мемлекет қорғауында болады.

Форумда Президент жаңа Конституция жобасына да тоқталды. Ата заңның мазмұны шын мәнінде халықтық сипатқа ие. Бұл маңызды құжат жұртымызға, әсіресе, өскелең ұрпақ пен жастардың игілігіне қызмет етеді деді.

Боран Ізбасов, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты:

Адам құқытары мен бостандықтары сияқты үлкен бастамалар біз үшін өте жақсы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның соңғы жобасы сарапшылар барлық негізгі мәселе бойынша ортақ мәмілеге келген соң ғана бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, республикалық референдумға шығарылғанын айтты. Жаңа Ата заңда адам құқықтары толық қорғалған. Тіпті тұңғыш рет цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін болды. Жалпы, 84 пайыз мәтіні ғана емес, мәні мен мағынасы да өзгерген маңызды құжат заман талабы дейді сарапшылар. 


Бөлісу