Ислам Республикасының жаңа жоғарғы жетекшісі алғаш рет мәлімдеме жасады
Осыдан бірер сағат бұрын Иранның жаңа жоғарғы жетекшісі Моджтаба Хаменеи мемлекеттік телеарна арқылы алғаш рет мәлімдеме жасап, Ормұз бұғазын жабуды жалғастыруға үндеді. Әрі ол халқын бірлікке шақырып, көрші елдермен арадағы достыққа сенетінін, америкалық базаларды шабуылдау қажет екенін де атап өтті. Иран бүгін Таяу Шығыста мұнай нысандарына соққыны күшейтуге кіріскен еді. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Иранның жарылғыш зат қойылған қайықтары Парсы шығанағында алты су көлігіне соққы берді. Танкерлердің екеуі Ирактың теңіздегі аумағында отқа оранып, бір адам қаза тапты. 38-і құтқарылған. Сонымен қатар аймақта АҚШ-пен, Еуропамен байланысты тағы төрт кемеге снаряд тиген.
Осындай оқиғалар салдарынан әлем мұнайының 20 пайызы өтетін Ормұз бұғазы іс жүзінде жабылып, Таяу Шығыс елдерінде көмірсутегі өндірісі айтарлықтай қысқарды. Соңғы мәліметке қарағанда, «қара алтын» 10 пайызға қымбаттап, 102 долларға жақындап қалды.
Халықаралық энергия агенттігі мәлімдегендей, жағдайды тұрақтандыру үшін 32 ел резервтен жүздеген миллион баррель мұнайды нарыққа шығаруға уағдаласты.
Фатих Бирол, Халықаралық энергия агенттігінің атқарушы директоры:
Кеше 400 миллион баррель мұнайды нарыққа жіберуге келістік. Мақсатымыз - мұнай нарқын тұрақтандыру. Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты сындарлы шақты бастан кешіп жатырмыз. Әсіресе Ормұз бұғазының жабылуынан мұнай мен газ нарығында үлкен проблемалар туындап отыр.
Израиль болса, Иранға «кең ауқымды» шабуылдар толқынын бастап, Ислам Республикасы аумағында үкіметтің негізгі инфрақұрылымын нысанаға алатынын жариялады. АҚШ болса, бұл мемлекетті аспаннан атқылай отырып, Тегеранның әуеден соққы беру мүмкіндіктері күн сайын азайып бара жатқанын хабарлады. Екі елден кек алу үшін Иран бүгін де Американың Израиль, Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт сияқты одақтастарына дрондар мен зымырандар атты. Осылайша жауласушы тараптар қарулы қақтығысты бүгін-ертең аяқтауға мүлде сыңай танытпай отыр.
Құрама Штаттар президенті жеңіске жеткенін жариялағанымен, «Эпикалық қаһар» операциясын әлі жалғастыратын тәрізді.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Біз жеңіске жеттік. Алғашқы сағаттарда-ақ жеңгенбіз. Білесіздер ме, бұл турасында тым ерте айтқым келмеген еді. Дегенмен мерзімінен бұрын кеткен дұрыс емес. Істі аяғына дейін жеткізуіміз керек. Олар қайта бастайды. Біз бұл елге екі жыл сайын оралып отыруды қаламаймыз.
Ливандағы жағдайға келсек, Иранға жақтас «Хезболла» еврей мемлекетінің аумағына соңғы тәулікте ондаған ракета жіберді. Бұған жауап ретінде Израиль Бейруттың Рамлет әл-Баида ауданын бомбалап, 8 адамды мерт қылған.
Жалпы алғанда, Израильдің соққыларынан кейінгі он шақты күнде мұнда 600-ден астам адам қаза тауып, 800 мыңдай ливандық үйлерін тастап кетті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы