Басты Жаңалықтар Тегеран мұнай нысандарына соққыны күшейтті

Тегеран мұнай нысандарына соққыны күшейтті

Иран әскері Таяу Шығыста мұнай мен осы шикізатты тасымалдау нысандарына шабуылды күшейтті. Соңғы мәліметке қарағанда, Ирактың территориялық су айдынында екі танкер отқа оранған. Осындай соққылар салдарынан Парсы шығанағы елдерінен жеткізілетін «қара алтын» көлемі айтарлықтай қысқарды. Алайда, Иранның өзі экспортты жалғастырып жатыр. Ислам Республикасы соғыс басталғалы Ормұз бұғазы арқылы 14 миллион баррельге жуық мұнайды әлемдік нарыққа жөнелткен. Шикізат тапшылығын жою үшін Халықаралық энергия агенттігі өзіне мүше мемлекеттердің резервтерінен 400 миллион баррель мұнайды нарыққа шығаруға кеңес берді. Бірақ осы ұсынысқа қарамастан бүгін Brent баррелінің бағасы қайтадан 100 долларға жетті. Иран ескерткендей көмірсутегінің құны мұнымен шектелмей, 200 долларға да жетуі мүмкін. 

Ибрахим Золфокари, Әскери қолбасшылықтың баспасөз хатшысы:

Олар мұнай құнын жасанды жолмен, экономикалық қолдау тәсілдерімен түсіре алмайды. Бұған дейін ескерткеніміздей, егер соғыс бүкіл аймақта тарайтын болса, шикізат баррелінің нарқы 200 долларға жетеді деп күте беріңіздер. Мұнай құны қауіпсіздік деңгейіне тәуелді.


Бөлісу