Басты Жаңалықтар ХЭА резервтен ондаған млн баррель мұнайды босатуды ұсынды

ХЭА резервтен ондаған млн баррель мұнайды босатуды ұсынды

Иран әлемді мұнай бағасының 200 долларға дейін көтерілуіне дайындалуға шақырды. Ал Халықаралық энергия агенттігі «қара алтын» нарқын тұрақтандыру үшін резервтен 300-400 миллион баррель шикізатты босатуды ұсынды. Бұл идеяны «Үлкен жетілік» қолдады. Еуропа одағы болса, бір кездері атом энергиясынан бас тартқанын «стратегиялық қателік» деп мойындады. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Оңтүстік Кореяда бензин қымбаттады. Жүргізушілер арзан жанармай үшін кезекте тұр. Осыған ұқсас жағдай Италияның Сицилиясы мен Римінде, Испанияның Мадридінде байқалып отыр. Ал Палермода бензиннің 1 литрінің құны 2 еуродан асып кеткен.

Қазір Таяу Шығыстан газ тасымалдау да қауіпті. Сондықтан бүкіл Үндістанда ресторандар мен отельдер отынсыз қалып, ас әзірлей алмайтын жағдайға жетті.

Кришна Радж, Бенгалор қонақ үйлер қауымдастығының хатшысы:

Біздің дистрибютеріміз отынды дүйсенбіден бастап жеткізе алмайтынын алдын ала хабарлады. Қонақ үйіміз осы газбен қызмет етіп тұр. Күрішті де, кеспені де пісіре алмай отырмыз. Бәрін тоқтатуға тура келеді.

Еуропа одағы импорттық газ бен мұнайға өте тәуелді. Және де бұл интеграциялық блок 1990 жылы электр энергиясының үштен бірін атомдық станцияларда өндірді. Бүгінде сол көрсеткіш 15 пайызға дейін төмендеп кеткен.

Таяу Шығыстағы жағдай сабақ болды ма, Еуропа бір кездері салыстырмалы түрде таза ядролық отыннан бас тартқанына қазір өкініп отыр.

Урсула Фон Дер Ляйен, Еуропа комиссиясының президенті:

Атом энергиясын саналы түрде қысқартуды таңдадық. Енді өткенге көз жіберіп қарасақ, стратегиялық қателік жасаған екенбіз. Еуропа сенімді, қолжетімді және ауаны аз ластайтын отыннан бас тартқан.

Иранда соғыс басталғалы әлем мұнайының 20 пайызы өтетін Ормұз бұғазында кемелер бірнеше рет шабуылға ұшырады. Осының салдарынан Таяу Шығыстан дүниежүзілік нарыққа энергетикалық шикізат жеткізу қиындап, дүйсенбі күні мұнай бағасы 120 долларға жақындады.

«Қара алтын» тапшылығы АҚШ-та да сезіліп, Лос-Анджелесте бензин нарқы 16 пайызға қымбаттаса, Мысырда 17 пайызға көтерілген.

Халықаралық энергия агенттігі өзіне мүше мемлекеттердің резервтерінен өз тарихындағы ең көлемді мұнай қорын босатуды ұсынып отыр. Американың «Уолл стрит джорнал» газетінің хабарлауынша, бұл бастаманың мақсаты – көмірсутегінің құнын қайтсе де төмендету. Осы ақпараттың өзі Brent маркалы мұнайдың баррелін 86 долларға дейін түсірді.


Бөлісу