Басты Жаңалықтар Ақтөбеде экологиялық мәдениет қалыптасып келеді

Ақтөбеде экологиялық мәдениет қалыптасып келеді

Оқушылар тазалық акцияларына белсене қатысып жатыр. Ақтөбедегі білім ордаларында Жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында интеллектуалды сайыс пен қоқыс қалдықтарынан жасалған бұйымдар көрмесі өтті. Шараға 150-ден астам оқушы мен ұстаздар қатысты. Сондай-ақ өңірдегі еріктілер ұйымдарының өкілдері де арнайы келіп, тәжірибе алмасты.

Бұл бұйымдардың барлығы оқушылар мен мұғалімдердің қолынан шыққан. Көздің жауын алатын шағын мүсіндер сүйек пен ағаш қалдықтарынан жасалған. Осылайша ұстаздар мен олардың шәкірттері жұртшылықты айналаны таза ұстауға, табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндейді.

Жанерке Қанатбай, оқушы:

Жастар ең алдымен өзінің айналасын, яғни өз қаласынан бастауы керек деп ойлаймын. Яғни жаңа мен айтқан волонтерлік істерге қосылу арқылы, айналасын таза ұстау арқылы, қоқысты лақтырмау арқылы да экологияға көмегін тигізе алады деп ойлаймын.
«Экосана: жаңа қоғамдық мәдениет» тақырыбында  өткен «Quiz» интеллектуалды сайысына білімді жастардан құралған үш топ қатысты. Олар табиғат, экология тақырыптарындағы сұрақтарға мүдірмей жауап берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы жүзеге аса бастағалы оқушылар мен студенттердің қоршаған ортаға, елге, жерге деген құрметі артқан.

Венера Қалдина, №51 мектеп-гимназия директорының орынбасары:

«Адал азамат – біртұтас тәрбие бағдарламасы бойынша «Қамқор» жобасы бар. Сол жоба аясында «Экосана» жобасы жүзеге асып жатыр. Жалпы, балаларға экологиялық тәрбие беру. Бүгінгі іс-шара – сынып сағаттары өтеді және бүгін өтіп жатқан қазақша куиз.

«Әр азаматтың бойына жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру балабақшадан басталып, мектепте жалғасуы керек», дейді ұстаздар. Сондықтан мұндай шаралар өңірдегі мектептердің барлығында өткізіліп келеді.


Бөлісу