Ақмолалық ғалымдар полигон орнын қайта қалпына келтіру үшін зерттеп жатыр
Ақмолалық ғалымдар 60 жыл бойы қатты тұрмыстық қалдықтар төгілген жабық полигонның жерін қайта қалпына келтірмек. Сол үшін зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ғылыми жоба гранттық қаржыландыру аясында жүзеге асады. Жалпы, Көкшетауда Шоқан Уәлиханов атындағы университет ғалымдары бүгінде құны 2 миллиардқа жуықтайтын 57 ғылыми жобамен айналысады
Күлгін шемішке, қызыл жүгері. Бұл тұқымдардың жаңа түрі емес. Биология ғылымдарының кандидаты Зульфия Баязитова полигонның жерін ауыр металдарды бойына сіңіретін өсімдіктер арқылы қалпына келтірмек. Ал бұл дәндер сол бүлінген жерде өсірілген өсімдіктерден алынған.
Зульфия Баязитова, биология ғылымдарының кандидаты:
Біз 2024 жылы сол топырақтардың құрамын зерттедік. Зерттеу мақсатында 15 металдың бар екендігін кейбір металдардың концентрациядан бірнеше есе жоғары екендігін анықтадық. Өсімдікті осы полигонда өсірдік. 3 эксперименттік участок алынды. Өсімдіктердің табиғи жағдайда қалай өскендігін анықтадық.
Бүгінде 120 млн теңгелік грант қаржысына қажетті құрал-саймандар сатып алынды. Оның бірі - климаттық камера. Бұл өсімдіктерді қыста да өсіріп, зерттеуді жалғастыруға мүмкіндік береді. Биыл ғалым малдың азығына да жарамайтын өсімдіктерден биологиялық отын жасамақ. Бұл жобаны коммерцияландыруға жол ашады.
Марден Байдалин, Ғылым және ғылыми кадрларды дайындау департаментінің жетекшісі:
Конституцияның жаңа жобасында білім мен ғылымды дамыту стратегиялық басым бағыт болып айқындалған болатын. Мәселен, биылдың өзінде Ақмола облысының әкімдігі қолданбалы ғылыми жобаларды қаржыландыруға 500 млн-ға жуық қаржы бөлуді қарастырып отыр.
Яғни, алдағы уақытта өңірге пайдасын тигізетін зерттеулерді жүргізуге облыстық әкімдік тарапынан да қолдау болады. Бүгінде университетте бірнеше ғылыми зертханалар жұмыс істейді. Мәселен, ЯМР-спектроскопия зертханасы нанотехнологиялық зерттеулерді жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Төлеген Сейілханов, химия ғылымдарының кандидаты, ЯМР-спектроскопия зертханасының меңгерушісі:
ЯМР-спектрометрде біз синтезделген, жаңадан алған қосылыстарды зерттейміз. Медициналық дәрі-дәрмектерді алу және олардың құрылысын анықтау. Осы жобаларды жүзеге асыруға ЯМР-спектрометр өте көп көмегін көрсетті.
Оқу орнындағы «Су сапасы» ғылыми-зерттеу зертханасының мамандары болса, бүгінде өңірдегі өзен-көлдердің химиялық құрамын зерттеп, бірыңғай тізімін жасауды қолға алды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы