Трамп Таяу Шығыстағы соғыстың кешікпей аяқталатынын мәлімдеді
АҚШ президенті Иран толық талқандалғанша соғыстың жалғасатынын ескертіп, қарулы жанжалдың аяқталуға жақындап қалғанын мәлімдеді. Тегеран болса, Трамптың сөзін сандыраққа теңеп, Таяу Шығыстан мұнай экспортын мүлде тоқтатуға уәде берді. Ал түрік жеріне екінші ракета құлаған. Аймақтан жеткен жаңалықтарға Арыстан Рысбек толығырақ тоқталады.
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы жалғасып жатыр. Президент Дональд Трамп бұл шайқас аяқталуға жақын деді. Оның айтуынша, Ислам Республикасының қару-жарағы таусылуға таяп қалған. Бірақ өзге бір сөзінде Трамп қарулы қақтығыстың осы аптада тоқтамайтынын да атап өтті.
Трамп Иран мұнай таситын кемелердің жолын бөгей беретін болса, оған «өліммен, отпен, ашумен» жауап беретінін ескертті. Сондай-ақ Трамп мұнай нарығындағы жағдайды жеңілдету үшін Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесіп, Мәскеуге қарсы санкцияларды жеңілдету мәселесін қарастыруға кірісті.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Біз бұл істі осы күйінде жалғастырғымыз келеді. «Эпикалық қаһар» операциясы әзірге тоқтамайды. Дегенмен біз әлемге энергия мен мұнай тасымалдауды тұралатпауды да назарда ұстап отырмыз. Бағаны түсіру үшін және жағдай тұрақталғанша кейбір елдерге жарияланған санкцияларды доғарамыз. Ал Иран кедергі жасаймын десе, қатаң соққыға ұшырайды.
Алайда бұл ескертулерге Тегеран құлақ асып отырған жоқ. Иран Америка мен Израиль шабуылды тоқтатпаса, Таяу Шығыстан «бір литр мұнай» өткізбейтінін хабарлады. Иран өзінің жоғарғы лидері етіп марқұм Аятоллла Әли Хаменеидің ұлы Моджтаба Хаменеиді сайлап, Құрама Штаттардың аймақтағы одақтастарына ракеталармен, дрондармен соққы беруді жалғастырып жатыр.
Сол ракеталардың бірін НАТО Түркияның оңтүстігінде құлатты. Мұндай оқиға кейінгі бір аптада түрік жерінде екінші рет қайталанып отыр. Президент Реджеп Тайып Ердоған Тегеранға ескерту жасады. Оның сөзінше, Анкараның қазіргі мақсаты – Ирандағы соғыс өртінің Түркияны шарпуына қайтсе де жол бермеу. Сөйте тұра Ердоған көршісін арандатудан аулақ болуға шақырды.
Реджеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
Ракетаны құлату оқиғасына келсек, біз тағы Иранға ескертеміз: мұндай заңсыз әрекеттер енді қайталанбауы керек. Жағдайдың өрбуін НАТО-дағы және өзге одақтастарымызбен талқылап, қажетті шара қабылдаймыз.
Қазір Ливанда да соғыс жүріп жатыр. Иранның жоғарғы лидері қаза тапқаннан кейін шииттік «Хезболла» Израильдің солтүстігін атқылай бастады. Бұған жауап ретінде Израиль Ливан астанасы Бейрут пен өзге де аудандарды бомбалауға кірісті. Нәтижесінде 500-ге жуық адам қаза тауып, 700 мыңдай ливандық үйлерін тастап кеткен.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы