Тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға болмайды: Не өзгереді?
Жаңа Конституция жобасы. Бұл жолы тұрғын үй құқына тоқталамыз. Президент ұсынысын айтқан, цитата:
«...Түзетулердің ішіне тағы бір
аса қажетті норманы енгізу керек. Қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға
болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар.
Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді
деп толықтырған жөн».
Тұрғын үйден мәжбүрлеп шығару фактісі біздің елде аз болған жоқ. Қанша адам күйіктен инфаркт та алды-ау.
Елдос Есенбол, тілші:
Бұл мәселенің өзекті екенін тәуелсіз сарапшылардың жүргізген анализдерінен байқай аламыз. Азаматтардың тұрғын үйге деген құқығын қорғаумен айналысатын «Nomad rights» қоғамдық қорының жетекшісі Әлішер Қожағұлов 2024 жылы Женевада, БҰҰ-ның Юниверсал Периодик Ревью процесі алдында өткен халықаралық Юпиар Инфо При-Сэшн алаңында таныстырған. Осы мәселеге қатысты өзінің зерттеуін таныстырған. Баяндамада ең үлкен проблема ретінде азаматтарды баспанасынан мәжбүрлеп шығару мәселесі аталған. Автор бұның ең өзекті тұсы деп нақты статистиканың жоқтығын, оның жүргізілмейтінін атап көрсетеді. Ал кей жағдайларда оның тіпті сот шешімінсіз де жүзеге асатынын айтады. Үйінен шығару полицияның қатысуымен өте аз уақыт ішінде тұрғындарға дайындалуға мүмкіндік бермей жасалады дейді. Кейде тұрғындардың жеке заттарын көшеге лақтырып, адамның қадір-қасиетіне нұқсан келтіретініне тоқталған. Ал Қазақстандағы Парламентаризмді дамыту қоры соңғы бірнеше жылдағы мәжбүрлеп шығару туралы жарияланған оқиғаларды талдаған. Яғни сот материалдарын, медиадағы оқиғаларды, құқық қорғау ұйымдарының мәліметтерін жинап, белгілі бір таңдамалы кейстер базасын жасаған. Сол зерттелген материалдардың нәтижесінде тұрғын үйден мәжбүрлеп шығару фактілерінің 53 пайызы COVID-19 пандемиясы кезеңінде тіркелгені анықталған екен.Осы тұста соңғы жылдардағы ең резонансты кейске тоқтала кетсек. 2021 жылдың қыркүйегінде сот орындаушылары үйінен шығару барысында 54 жастағы алматылық бес адамды атып өлтірген еді. Сол жерде екі полицей, жеке сот орындаушысы, дау шыққан үйдің жаңа иесі мен оның танысы көз жұмды. Мойнында адам қаны бар Игорь Дужновты бір мысқал ақтамаймыз. Бұл болмауы тиіс трагедия еді.
Айтуар Қошмамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазір жазылған тәртіп бойынша Алматыдағы жағдай болған кезде сот орындаушының құқықтары көп болды. Ол келіп мәжбүрлеп адамдарды үйінен шығармақшы болды. Алайда ол үйде тұрып жатқан азаматтың әлі де сотқа жүгінуге құқықтары бар еді. Әрине, атқан адам қылмыскер атанды. Бұл жағдайда ешкім ұтқан жоқ. Сот орындаушы қайтыс болып кетті.
Ғабит Өмірбек, заңгер:
Тұрғын үй ол әр азаматтың маңдай терімен ең соңғы алынған мүліктерінің бірі болып есептеледі. Алайда өкінішке қарай кейбір азаматтар тұрғын үйді соттың шешімінсіз де тартып алады. Соттың шешімінсіз үйіне баса-көктеп кіріп кетеді. Кейде қылмыстық қудалау органдары да қылмыстық іс барысында үйін тәркілеп жатады.
Елдос Есенбол, тілші:
Кім маңдай термен тапқан баспанасын оңайлықпен береді? Сот орындаушылары тұрғын үйден шығаруға келген кезде өз-өзіне қол жұмсауға талпынған әрекеттер бар. Мысалы, былтыр тамызда Алматының Ерменсай ауданында заңсыз салынған таунхаустарды бұзу кезінде үй иелерінің бірі эмоцияға беріліп, өзін өртеймін деп мәлімдеген. Ал 2021 жылы Алматыда азаматты үйінен шығаруға келген Әділ Ермеков есімді сот орындаушысы соққыға жығылып, арты жанжалға ұласқан еді.Тұрғын үй дауы бір ғана факторға байланбаған. Тағы да Қазақстандағы Парламентаризмді дамыту қорының зерттеуіне сүйенсек, тұрғындардың өз үйінен шығарылуына бірнеше фактор әсер етеді: көп жағдайда, дәлірегі 51 процентінде бұған ипотекалық қарыздар себеп. 38 пайызында мемлекеттік қажеттілік үшін жерді алу түрткі болады. Қалған жағдайларда жалға алу немесе жеке меншік иелерімен дау әсер етеді. Енді сіздің сұрағыңызға байланысты осы мемлекеттік қажеттілік үшін деп жерді алуға тоқталсақ. Мәселеге қатысты заңгер пікірін сұраған едік.
Марат Ахмади, MNU Құқық жоғары мектебінің профессоры:
Бұл жерде бір ауданның әкімдігінің мүддесі, қажеттілігі болуы мүмкін. Екінші жағында мемлекеттің мүддесі болуы мүмкін. Сондықтан бұл жерде қаншалықты қажеттілік, қаншалықты мұқтаждық бар? Бір кісінің, екі кісінің, он кісінің құқығын шектеген кезде бұл мемлекеттің мүддесіне пара-пар бола ма? Бұл жағын сот әділ қарастыруы керек. Мұқтаждық деген сөзбен мемлекет деген сөздің бір жерге келуі қиын. Мемлекет мұқтаж болмайды.
Елдос Есенбол, тілші:
Яғни «мұқтаждық» деген жалаң сөзбен жерді алып қою дұрыс емес дейді маман. Кез келген орган бір адамның немесе бір ауданның үйін «қалаға керек болды» деген сылтаумен бұза алмайды. Міндетті түрде соттың шешімі, нақты құқықтық негіз керек.
Айтуар Қошмамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қазіргі таңда Алматы қаласында біраз учаскелер ескі үйлер. Реновация жобасы аясында бұзылып, жаңа үйлер соғылмақшы. Ал сол үйлердің тұрғындары өтемақы алып, пәтер ала аламыз ба, тұра аламыз ба деген сұраныстары бар. Егер де адам өзінің мүлкінен заңда белгіленген тәртіппен айрылатын болса, азаматтарға коммерциялық бағамен өтемақы берілуі тиіс. Яғни кепілдік немесе пәтер берілуі тиіс.
Елдос Есенбол, тілші:
Тоқетерін айтқанда «мұқтаждық» деген сөздің артында не тұрғанын жергілікті атқарушы органдар дәлелдеп беруі қажет. Яғни «бұл жерден осындай күре жол өтеді немесе мынау жерге осынша орындық мектеп салынады, балаларыңызды пәлен шақырымға тасымайсыздар» дегендей нақты аргументтер керек. Ал әуелі бір-біріне жапсарлас қылып көпқабатты үйлерді соғып тастап, одан кейін ғана мектебі мен балабақшасын, ауруханасын ойланатын кей шенеуніктердің жұмыс істеу тәсілі өзгермейінше жер дауы түпкілікті шешіліп кетеді дегенге сену қиын.Жаңа Конституция жобасына сәйкес, банк те, сот орындаушысы да өз бетімен әрекет етпеуі керек. Алдымен мәселе міндетті түрде сотта қаралады. Азамат қарызын не үшін уақытылы өтей алмағандығы, несие тарихы толық тексеріледі. Барлық дәлел сараланып, тараптардың уәжі тыңдалған соң шара қолданылады.
Ғабит Өмірбек, заңгер:
Көпшілігі банктерден үйін кепілдікке қойып қарыз алады. Қарызын уақытылы төлей алмаған кезде сот атқарушылық парақ шығарады нотариустан. Сол атқарушылық парақты жеке сот орындаушыға өткізеді де, жеке сот орындаушы келіп тұрғын үйін босат деп мәжбүрлі түрде үйін тартып алып жатқан.
Елдос Есенбол, тілші:
Заңгердің атқарушылық парақ деп тұрғаны кәдімгі қолхат. Яғни соның негізінде ғана сот орындаушылары әрекет еткен кездер болған. Иә, біз біреуге қол жұмсауды, күш көрсетуді ақтамаймыз. Дегенмен шынында белден басып үйінен қуып шығып жатқанда азаматтардың өздігінен әрекет етуі де шартты рефлекс секілді.
Ғабит Өмірбек, заңгер:
Ол банк сотқа арыз жазу керек болады. Сот ол істі жан-жақты, түбегейлі зерттеуі керек. Оның өткен пайызын, мөлшерлемесін есептейді. Әр күнгі қарызын есептейді, жан-жақты толық қарап, шынымен де ешқандай негіз болмаса, осы 28, 29-баптың негізінде үйін тартып алудан сот арқылы бас тартатын болады.
Елдос Есенбол, тілші:
Сот шешімі шыққаннан кейін де процесс бірден басталып кетпейді. Оны сот орындаушылары заңда белгіленген тәртіппен жүзеге асыруы керек. Яғни тұрғынға белгілі бір уақыт беріледі, қажет болса көшу мерзімі белгіленеді.
Автор
Елдос Есенбол
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
«OzgeEpic»: Жертөледен креативті хабқа дейін
08.03.2026, 22:39
Каспийдің суы неге тартылып барады?
08.03.2026, 20:09
Президент Отбасын қорғау мәселелері жөніндегі уәкіл лауазымы енгізілетінін айтты
08.03.2026, 19:57
Таяу Шығыстағы шиеленіс: Мұнай бағасының қымбаттауы Қазақстанға қалай әсер етеді?
08.03.2026, 19:53
Түрлі кәсіпті меңгерген қыз-келіншектер
07.03.2026, 20:19
«Қарағанды-Жезқазған» тасжолының құрылысы келесі айда басталады
07.03.2026, 20:11
Халық пікірі: Жаңа Конституция жобасы – мемлекет дамуының жаңа кезеңі
07.03.2026, 20:09
Құтқарушылар ауруханаға жете алмаған сәбиге көмекке келді
07.03.2026, 20:09