Басты Жаңалықтар Таяу Шығыстағы шиеленіс: Мұнай бағасының қымбаттауы Қазақстанға қалай әсер етеді?

Таяу Шығыстағы шиеленіс: Мұнай бағасының қымбаттауы Қазақстанға қалай әсер етеді?

АҚШ пен Израильдің Иранға жасалған соққылары мен Иранның қарымта соққыларынан экскалация аймағына айналған Таяу Шығыс елдерінен сонда жүрген қазақстандықтарды мемлекетімізге қайтару операциясынан бастайық. Үкіметтің хабарлауынша, Таяу Шығыс елдерінен осы күнге дейін 6254 қазақстандық оралды.

Данияр Қайыртай, тілші:

Эвакуация басталған бір апта ішінде Таяу Шығыс аймағынан 37 рейспен 6254 қазақстандық елге оралды.
Азаматтарды қайтару жұмысы «резидент және резидент емес әуе компанияларының қолдауымен» жасалғаны хабарланып отыр. Оның ішінде Эйр Астана әуе компаниясы кешелі бері Сауд Арабиясының Джидда қаласынан репатриациялық рейстер орындап жатыр. Қажылықта жүрген отандастарымызды қайтару операциясы ертең де жалғасады. Scat компаниясы болса, Оманның астанасынан Алматыға дейін рейстер орындағаны белгілі. Әлеуметтік желіде біздің азаматтардың қайтып жатқанына қарап, шетелдіктер «Неге мен қазақ емеспін, мама?!» деп қызыға бейнежазба қалдырып жатқанын бәрі көрген де шығар. Бірнешеуінен қысқа үзінді көрсетсек...
Ал Иранның өзінен бүгінге дейін 66 Қазақстан азаматы жерүсті жолдары арқылы елге қайтарылды. Күні кеше «Заркух» зауытының 7 қызметкері Армения арқылы елге жеткізілген. Бұл компанияда істейтін қалған 16 азамат та осы бағдар бойынша эвакуацияланады деген ақпарат бар. Естеріңізде болса, коронавирус пандемиясы басталғанда Қазақстан өз азаматтарын дереу әр қиырдан елге әкелуді ұйымдастырған болатын.
Қазақстандықтарды қайтару операциясы көп векторлы сыртқы саясаттың және әр тараппен орнаған тату дипломатиялық байланыстың жемісі десе болады. Президент Таяу Шығыстағы қақтығыс оты Иран шекарасынан асып, тұтас аймақты шарпығалы бері қауіпсіздігіне нұқсан келген елдердің басшыларына хабарласып, тілектестік білдіріп келеді. Бұл да ізгі ілтипат ишарасының бірі болса керек. Қайткенмен, Парсы шығанағындағы араб елдері Қазақстанның негізгі сауда-инвестициялық серіктестері емес пе?!
Бейсенбі күні Әзербайжанның Нахчыван қаласындағы әуежайына дрон түскенде де Президент үнсіз қалмай, одақтас елге қарсы жасалған әрекетті қатаң айыптады.
Әзербайжан президенті Илхам Әлиев ол қолдауға Х әлеуметтік желісінде ризашылығын білдірді.
Ал кеше Иран Президентінің көрші елдерге шабуылдан бас тартқаны туралы мәлімдемесін құптайтынын жариялады.
Сыртқы істер министрлігі болса, Таяу Шығыстағы жағдай тұрақталмайынша экранда тізімі көрсетілген аймақтағы бүкіл елге сапардан бас тартуды қатаң ұсынды. Қазіргі эскалация аймағына қазақстандықтар көбіне турист ретінде қыдырып немесе киелі орындарға зиярат ету үшін баратынын айта кетейік.
BBC-дің Парсы қызметіне сұхбат берген Ирандағы Сарапшылар кеңесінің мүшесі Ахмад Аламолхода Иранның жаңа көшбасшысы сайланды деп айтқан, бірақ оның есімін атамаған. Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысын Сарапшылар кеңесіне кіретін 88 дін қызметкері таңдаған. Иранның Mehr ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл шешім туралы ресми мәлімдемені Сарапшылар кеңесі хатшылығының басшысы Хоссейни Бушехри жасауға тиіс. Әзірге ондай мәлімдеме жасалған жоқ.
Иранның реформаторлар тобы да, консерваторлар фракциясы да қазіргі жүйені сақтап қалуға мүдделі. Мехр агенттігі уақытша басқарушы кеңес мүшесінің «Ұлы Иран халқы ішкі ісіне біреудің араласуына жол бермейді» деген пікірін жариялады. Қазір Иранды дәл осы құрамына үш адам кірген Кеңес басқарып отыр. Десе де биліктің негізгі тетіктері Ислам революциясы сақшылары корпусының қолында.
Осы тұста Трамп кешегі өзінің Truth Social желісіндегі жазбасында Иранға жойқын соққы жасалатынын аңдатты. Бұрын-соңды нысанада болмаған аудандар мен адамдар тобын көздейтінін жеткізді.
Жалпы осы бір апта ішінде, Америка тарабының дерегінше, Иранның 43 кемесі жойылып, 3 мың нысана шабуылға ұшыраған. Ал Иран 1300 бейбіт тұрғын қаза тапқанын жариялады.
Ислам республикасының президенті Масуд Пезешкиан Парсы шығанағындағы елдерден кешірім өтініп, егер Иранға соққы жасалмаса, олардың да аумағына оқ атпайтынын мәлімдеді. Мұнысы – АҚШ-қа қысымды күшейтіңдер деп емеуріндегені болса керек. Тегеранның ол елдерге шабуыл жасағандағы көздегені де сол еді, негізі. Алайда ондай қысым жасалмайды-ау…
АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы әлемдік энергетика нарығын дүрліктіріп жібергені рас. Сарапшылар мұнай бағасы үш таңбалы санға жетуі мүмкін бе деген сауал төңірегінде бас қатырып отыр.
Қазірдің өзінде Brent маркалы мұнайдың бағасы 2024 жылғы шілдеден бергі максимумды бағындырды. Баррелінің құны 90 доллардан асып кетті. Соғыс оты тұтанғалы 20 пайыздан артық қымбаттады деген сөз. Негізі жыл басында сарапшылар нарықта “мұнай артығымен өндіріледі” деп болжап, баға 55 долларға дейін түседі деген тұжырымда болған. Алайда геосаясат бұл есепті түгел өзгертті.
Reuters сөйлескен аналитиктер Ирандағы дағдарыс ушығып, Ормуз бұғазы бұғатталса Парсы шығанағындағы елдер мұнай өндірісін күрт төмендетуге мәжбүр болуы мүмкін деген пікір білдірген. Нарық сарапшылары ондай қадамды Біріккен Араб Әмірліктері мен Кувейттен күтіп отыр.
Себебі бұл мемлекеттердің қоймаларында өндірілген ресурсты 20 шақты күн ғана сақтауға орын қалған көрінеді. Онсыз да апта басында Ирак мұнай игеруді тәулігіне 1,5 млн баррельге дейін азайтқан болатын. Тіпті 3 млн баррельге дейін төмендетуге әзірлік жүріп жатқаны хабарланған. Өйткені бұл елде – қойма қат.
Иә, мұнай-газ нарығы үшін басты қауіп – Ормуз бұғазының бұғатталуы болып отыр. Әлемдік мұнай экспортының бестен бірі дәл осы тар өткел арқылы тасымалданады. Қазір бұғаз ашық деп ресми жарияланғанымен, кемелерді бақылайтын Vortexa және Kpler мәліметтеріне қарағанда 300-ге жуық мұнай танкері бұғазға жақындамай, тоқтап тұр. Себебі Иран осы бір апта ішінде 6 кемені атқылаған еді.
Осыған байланысты сақтандыру компаниялары да тарифтерін аспандатып жіберді. Ал АҚШ, Ұлыбритания мен Израиль кемелеріне қызмет көрсетуден тіптен бас тартып отыр. Осылайша Ормуз арқылы жүру тасымалдаушылар үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып тұр.
Bloomberg Economics бұғаз бұғатталса, баға 108 долларға дейін шарықтауы мүмкін деп болжапты. Ондай жағдай, әсіресе, Қытайға ауыр тимек. Себебі Бейжің мұнай импортының жартысына жуығын, дәлірек айтқанда 45%-ын тап осы бұғаз арқылы арзанға алады. Ормуз өткелі арқылы жеткізілетін импорттық мұнайға Үндістан да аса тәуелді. Бірақ олар үшін кеше Трамп Ресей мұнайын санкциядан босатты. Бұл енді Украина үшін жаман жаңалық. Онсыз да тағы бір соғыс басталып, фокустан айырылу оңай емес екен
Ал Қазақстан экономикасына мұнайдың қымбаттағаны бір жағынан тиімді екені рас. Себебі бюджетке қосымша түсім түседі. Төлем балансына да оң әсері бар. Әйткенмен мұнай нарығының құбылмалы болуы экономикаға қауіпті. Яғни оның инфляцияға, қаржы нарығы мен логистикаға кесірі тиіп кетуі мүмкін дейді сарапшылар. Себебі Қазақстан экономикасы мұнай экспорты мен одан түсетін табысқа тәуелді. Экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу сынды тапсырмалардың мәні осындайда түсінікті бола түседі.
Айта кететін жайт – Иран Қазақстаннан астық сатып алатын үлкен нарық. Арпа экспортының 62 пайызы осы елге бағытталады. Былтыр, мәселен, 1,2 млн тоннасын Иранға сатыппыз. Негізінен Ақтау портынан Иран портына дейін Каспий теңізі арқылы жөнелтеміз.
Қазақстан бидай одағының мәліметіне қарағанда, қазір тиеліп, жолда кетіп бара жатқан кемелер тауарды соңғы нүктесіне дейін жеткізеді. Ал жоспардағы көлем уақытша тоқтатылады. Иранмен жаңа келісімшарттар да әзірге жасалмайтынын хабарлапты. Бәрі де соғыстың қалай өрбитініне байланысты.


Бөлісу