АҚШ пен Израиль Иранға бүгін де соққы берді
Бүгін АҚШ пен Израиль Иранды жетінші күн бомбалады. Ал қарсы жақ Парсы шығанағы елдеріне ракетамен, дрондармен соққы берді. Қарулы жанжал салдарынан Таяу Шығыстан энергетикалық шикізат тасымалдау қиындап кетті. Сондықтан Жапония ұлттық резервіндегі мұнайын босату мәселесін қарастыруға кірісті. Ал Үндістанға Ресей мұнайын сатып алуға уақытша рұқсат берілді.
Израиль мен АҚШ өткен тәулікте де Иранға шабуылды жалғастырды. Қарулы жанжал жалғасқан сайын Ислам Республикасында құрбандар саны өсіп келеді. Соңғы мәліметке қарағанда, кемінде 1230 адам мерт болған. Америкалықтарға сенсек, Иран өзінің зымырандық әлеуетінің 60 пайызынан айрылып, соғыстың бірінші күнімен салыстырғанда, ракеталық соққыларын 90 пайызға кемітіп, 30-дан астам әскери кемесі жойылған. Пентагон ескерткендей, бұл – шайқастың басы ғана.
Пит Хегсет, АҚШ қорғаныс министрі:
Бізде оқ-дәрі немесе қорғаныс және шабуыл қару-жарағы жеткілікті. Бұл науқанды қажетінше жалғастыруға мүмкіндік береді. Біз шайқасты енді ғана бастап жатырмыз. Көрмегендеріңіз әлі алда. Әскери қуатымыз мықты. Бұған Израильдің қорғаныс армиясының қабілетін қосыңыз.
Дегенмен, Иран кек алу мақсатында бүгін Тель-Авивпен бірге Американың әскери базалары орналасқан Кувейт, Қатар, Сауд Арабиясы, Бахрейнге зымырандармен, дрондармен соққы берді. Алайда, мерт болғандар туралы мәлімет түскен жоқ. Ливандағы жағдай да өте қиын. Бұл мемлекеттің оңтүстігіндегі шииттік «Хезболла» қозғалысы Иранға жақтасып, еврей мемлекетінің қалаларына талай ракета жаудырды. Израиль болса, бұған жауап ретінде Бейрут пен өзге де шекаралас аудандарды бомбалап, 130 адамды мерт қылды. Жүздеген мың тұрғын үйлерін тастап кеткен.
Жамал Сейфеддин, Ливандық босқын:
Олар бізді кетуге мәжбүр етті. Жер аудару деген осы екен. Мен өмірімде ешқашан далада ұйықтап көрмеппін. Амалымыз қалмады. Ешкім тіпті көрпе де әкелген жоқ, ертең болады дегенді қайталай береді.
Осы соғыс басталысымен Иран әлем мұнайының бестен бірі өтетін Ормұз бұғазын жапты. Сондықтан бірталай ел «қара алтын» мен газ тапшылығын сезініп отыр. Сол мемлекеттердің бірі – Үндістан. АҚШ-тың Қаржы министрлігі Үндістанға Ресейдің теңізде тұралаған танкерлеріндегі мұнайын сатып алуға 30 күн рұқсат етті.
Вашингтонға сенсек, бұл уақытша шара Мәскеуге айтарлықтай қаржылай пайда әкелмейді және Нью-Дели кейіннен Америка мұнайын көбірек импорттайтын болады. Ал Кремль бірер сағат бұрын мәлімдегендей, Таяу Шығыстағы дағдарысқа байланысты Ресейдің энергетикалық шикізатына сұраныс арттып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы