Басты Жаңалықтар Таяу Шығыстағы соғыс алтыншы күнге ұласты

Таяу Шығыстағы соғыс алтыншы күнге ұласты

Таяу Шығыстағы соғыстың жаңғырығы Әзербайжанға да жеткендей. Оңтүстіккавказдық республика аумағына бүгін екі дрон құлады. Ал сәрсенбі күні өз жеріне ракета түскеннен кейін Түркия Тегеранға қатаң ескерту жасады. АҚШ пен Израиль болса, Иранға алтыншы күн соққы беріп жатыр. Ислам Республикасының қарулы күштері кек алу үшін еврей мемлекетімен бірге Американың Парсы шығанағындағы одақтастарына тағы да шабуыл жасады. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Ирандық дрондар Әзербайжанға да жетіп отыр. Бұл оқиғадан кейін оңтүстіккавказдық республиканың сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Тегераннан қысқа мерзімде түсініктеме беріп, мұндай инцидентке енді жол бермеуді талап етті. Іле-шала Иран қарулы күштері Әзербайжанға пилотсыз аппарат ұшырылды деген мәліметті жоққа шығарды. Куәгерлердің айтуынша, дрондардың бірі Нахичеван Автономиялық Республикасының Шахарабад ауылы мектебінің маңына құласа, екіншісі әуежайындың ғимаратына тиген. Төрт адам жараланды.

Сахиб Абузеров, Нахичеванның жедел жәрдем қызметінің басшысы:

Оқиғаға байланысты біздің бөлімшемізден төрт адам көмек сұрады. Олардың жағдайы қалыпты. Бәрі алғашқы тексеруден өтіп, госпитальге жеткізілді. Екеуінің арқасы жараланған. Жағдайлар жақсарған бойда, үйлеріне қайта алады.

Айта кетсек, Түркиямен, Израильмен экономикалық, әскери, энергетикалық байланыстарын кейінгі кездері тіпті күшейткен Әзербайжан мен Иранның қатынастары онсыз да шиеленісіп тұр еді.

Өткен тәулікте НАТО түрік жерінде ирандық зымыранды атып түсіргенін хабарлады. Ислам Республикасы бұл ақпаратты да растамады. Түркия қорғаныс министрлігі мәлімдегендей, Анкара мұндай әрекеттерге жауап беруге құқылы.

Зеки Ақтүрік, Түркия қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы:

Біз тағы да ерекше атап өткіміз келеді. Дұшпандық әрекет қайдан жасалса да оған жауап беру құқығын сақтайтынымызды мәлімдейміз. Қазір жағдайдың өрбуін НАТО-дағы одақтастарымызбен бірге жіті қадағалап отырмыз.

АҚШ пен Израиль бірер сағат бұрын Тегеранды тағы да бомбалады. Сонымен қатар, екі ел Құм қаласындағы баллистикалық зымыран ұшырғыштар мен Исфахандағы ракеталық шабуылға қарсы жүйеге де соққы берген.

Иран болса, кек алу мақсатында Американың Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Бахрейн тәрізді одақтастарына соққы берді. Соңғы екеуінде жойқын жарылыстар болған. Абу-Дабиде Пәкістан мен Непалдың алты азаматы жараланды.

Сонымен қатар Иран Израиль қалаларына да шабуыл жасап, миллиондаған адамды жасырынуға мәжбүр етіп отыр.


Бөлісу