Қазақ балеті Кремль сарайында - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ балеті Кремль сарайында

19.04.2019

«Астана опера» театрының балет труппасы Мәскеудің Кремль сарайында, әлемге әйгілі «Шахризада» спектаклін қойды. Елордалық ұжым орыстың атақты хареографы әрі бишісі Вацлав Нижинскийдің 130 жылдығына арналған гало-концертке қатысты. Мариин театры, Вашингтон балеті, Ресейдің Үлкен театры және Венгрияның опера театры сынды, әлемдік балет өнерінің майталмандары жиналған кеште, жұрт қазақ әртістерінің өнеріне ерекше тәнті болды

Кремль сарайындағы әлемдік балет жұлдыздарының гало-концертінде жұрт қазақ әртістерін асыға күтті. Себебі өзге елден келген өнерпаздар жекелеген билерден үзінді көрсетсе, «Астана опера» театрының балет труппасы, осы кешке толыққанды спектакль әкелген жалғыз ұжым. Оның үстіне көптің назарына атақты шығыс ертегісі «Шахризада» ұсынылды.

Бақтияр Адамжан, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисті:

Шығысты дегенмен, біз жақсырақ сезінеміз. Стилистикамыз келеді, бет-әлпетімізді алсақ та, Шахриар болсын, басқа кейіпкер болсын, толықтай салынған сурет сияқты көрінеді. Біздің спект акль өте ерекше, өзгеше. Мүмкін, Андрис Марисұлы соны байқағандықтан, біздің шақырған шығар.

Алтынай Асылмұратова, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театры балет труппасының көркемдік жетекшісі:

Осы «Шахерезада» спектаклін Андрис Лиепа Мариин театрында қойған кезде, мен сол премьерада өнер көрсеткем. Ал бүгін, араға 27 жыл салып, дәл сол рөлді менің қызым ойнап жатыр. Сондықтан мұның символдық мәні бар. Бұл менің жаныма жақын, түсінікті шығарма. Біз жақсы дайындықпен келдік.

Көздің жауын алатын бай декорация. Әртістердің ерекше қимылы, асқан шеберлігі, ауада самғап жүргендей әсер қалдыратын ғажап биі. Спектакльде осының барлығы керемет үйлесім тапты. Қойылымда басты партияны, жас та болса, көптің көзайымына айналып үлгерген талантты әртістер Бақтияр Адамжан мен Анастасия Заклинская орындады. 

Андрис Лиепа, Ресейдің халық әртісі:

Бақтияр Адамжан мен Анатасия Заклинская сынды, жас әрі талантты әртістердің өсіп-шыққан мені қуантады. Бұл спектакльдің декорациясы, әртістердің костюмдері өте керемет. Оның барлығын «Астана опера» өздерімен алып келіп, толыққанды спектакль қойып жатыр. Уақыт тауып, менің шақыртуымды қабыл алған театр ұжымына айтар алғысым шексіз. 

Мәскеулік көрермен «Шахризада» қойылымын ерекше ықыласпен қабыл алды. Спектакль аяқталса да, 6 мың адамдық Кремль сарайы, елордалық өнерпаздарды жібермей, ұзақ уақыт қол соғып, қошеметтеп тұрып алды.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу