Басты Жаңалықтар Израиль Ливанның оңтүстігіне әскер кіргізіп жатыр

Израиль Ливанның оңтүстігіне әскер кіргізіп жатыр

Таяу Шығыста жаңа соғыстың басталғанына төртінші күн. Тегеран мен Бейрут тағы да үлкен шабуылға ұшырады. Сонымен қатар Израиль Ливанның оңтүстігіне жаяу әскер кіргізді. Екі ел шекарасында ондаған мың адам үйлерін тастап кеткен. Ал әлем нарығында мұнай мен газ күрт қымбаттап, авиациялық порттарда сан мың ұшақ сапарға аттанбады. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Израиль әуе күштері Тегеран мен Бейрутке тағы да соққы берді. Қауіпсіздік кеңесінің ғимаратына бірнеше снаряд тасталған. Сонымен қатар әскери дайындық институты мен жергілікті биліктің негізгі инфрақұрылымы да шабуылға ұшырады. Ирандық Қызыл Крестің мәліметінше, АҚШ пен Израильдің соққыларынан Ислам Республикасында қаза тапқандар саны 787-ге жетті. Cол құрбандардың 160-ы - соғыстың бірінші күні Минаб қаласындағы қыздар мектебіне бомба тасталғанда мерт болғандар. Марқұм балаларды жерлеу рәсімі бүгін өтті.

Президент Дональд Трамп болса, Иранның ядролық нысандарын да жоюға бұйрық беріп, бұл операцияның шамамен қанша уақытқа созылатыны жөніндегі өз пайымын айтты.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

Қолымызда әлемдегі ең қуатты әскер бар. Оп-оңай жеңіске жете аламыз. Біз 4-5 апта деп болжап отырмыз. Бірақ одан да ұзақ кезеңге мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын.

Ал Израиль қорғаныс министрлігі Ливанның оңтүстігіне әскер кіргізіп жатқанын жариялады. Бұл науқанның мақсаты – Ливанның шекара бойындағы бірнеше стратегиялық ауданын басып алып, Израильдің солтүстігін қауіпсіздендіру. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, жаңа қарулы жанжал қарсаңында 30 мыңдай ливандық үйлерін тастап кеткен.

Иранның рухани жетекшісі аятолла Әли Хаменеи қаза тапқаннан кейін ливандық «Хезболла» еврей мемлекетіне бірнеше рет зымыран жаудырды. Бұған жауап ретінде Израиль Бейрутті бомбалап, соңғы екі күнде 52 адамды мерт қылған.

Стефан Дюжаррик, Біріккен Ұлттар Ұйымының баспасөз хатшысы:

Шабуылдың алғашқы кезеңіне қатыспаған елдердің соққыға ұшырауы, бас хатшының сөзінше, ерекше алаңдатарлық жағдай. Ливанда саяси және бітімгерлік қызметіміз бар. Жергілікті жерлерде ахуал тез өзгеріп жатыр. Оқиғаның қалай өрбіп жатқанын жіті бақылап отырмыз.

Иран бүгін АҚШ-тың Сауд Арабиясындағы елшілігіне дронмен соққы берді. Ал жексенбі күні Ислам Республикасының әуе күштері Американың Кувейттегі әскери базасына зымыран атқанда мерт болған пентагондық жауынгерлер саны 6-ға жетіп отыр. Тегеран Вашингтонның Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар, Оман сияқты одақтастарына да шабуыл жасады. Cоның салдарынан Таяу шығыстан әлем нарығына шикізат жеткізу қиындап, мұнай бағасы 5 пайызға өсіп, 81 доллардан асты. Сонымен қатар газ құны да ондаған пайызға қымбаттаған. Экономикалық шығын отынмен шектеліп отырған жоқ. Ақпанның 28-нен бері осы аймақтың аспаны жабылған жеті елінде 6 мыңнан астам әуе рейсі доғарылыпты. Солардың 3 мыңы Дубайдың халықаралық әуежайының үлесінде.


Бөлісу