Басты Жаңалықтар Таяу Шығыстағы соғыстың ауқымы кеңейіп барады

Таяу Шығыстағы соғыстың ауқымы кеңейіп барады

Таяу Шығыстағы соғыс өрті тағы бір елді шарпда. Израиль енді Ливанға әскер кіргізу мәселесін қарастырып жатыр. Ал Иранның 130-дан астам қаласы шабуылға ұшырап, жүздеген адам мерт болды. Осындай шақта Ислам Республикасын уақытша басқаратын кеңестің мүшелері анықталды. Аймақтан жеткен соңғы жаңалықтарға Арыстан Рысбек толығырақ тоқталады.

Иран президенті Масуд Пезешкиан, сот билігінің төрағасы Хоссейн Мохсен-Эджей және Сарапшылар кеңесі төрағасының орынбасары уақытша басқарушы кеңестің отырысына қатысты. Жиынның қайда өткені белгісіз. Дәл осы «үштік» жаңа лидер сайланғанша үш ай билік етуі керек.

Айта кетсек, Ислам Республикасының жоғарғы жетекшісі аятолла Әли Хаменей сенбі күні АҚШ пен Израильдің соққысынан қаза тапты. Қазір марқұмның орнын басуы мүмкін кандидаттардың ішінде Ислам Республикасының негізін қалаған аятолла Рухолла Хомейнидің 15 немересінің бірі – 53 жастағы Хассан Хомейни көбірек көзге түсіп жүр.

АҚШ пен Израильдің соққылары үшінші күнге ұласты. Тегеран аспанына бүгін де түтін көтеріліп жатыр. Ирандық Қызыл крестің мәліметінше, 130-дан астам қалаға жасалған шабуылдардан 555 адам қаза тапты. Қазір мемлекет астанасының көшелерінде көлік те, жаяу жүргіншілер де азайып, дүкендердің көбі жабылған. 

Ал Израиль аумағында 11 тұрғын мерт болып, 28-і жараланды.

Бұл соғыстың ауқымы бүгін кеңейіп, оған Ираннан миллиардтаған доллар көмек алған ливандық «Хезболла» да килікті. Шииттік қозғалыс Хаменеидің өлімі үшін кек алу мақсатында Израильдің Хайфа қаласына зымыран жаудырған.

Бұған жауап ретінде Израиль Бейрутке соққы беріп, 31 адамды өлтірді. 149-ы жараланған. Израиль қазір тіпті Ливанға әскер кіргізу мәселесін қарастырып жатыр.

Эффи Дефрин, Израиль армиясының баспасөз хатшысы:

Хезболла өткен түні оқ жаудырды. Ол не істеп жатқанын жақсы білді. Біз ескерттік. Енді үлкен құн төлеулері керек. Бәріне дайынбыз. Жүз мыңға жуық резервисті әскерге шақырдық. Және де солтүстіктегі шекараны қорғауға ондаған батальон, бригада, дивизия шоғырландырдық. Барлық нұсқаны қарастырып жатырмыз.

Иран Израильге ғана емес, Сауд Арабиясына, Біріккен Араб әмірліктеріне, Қатарға, Оман, Бахрейнге де ракеталармен, дрондармен соққы беріп жатыр. Тағы бір айта кететін жайт, бүгін Кувейт қателікпен АҚШ-тың үш әскери ұшағын атып түсрді. Экипаждың алты мүшесі де секіріп үлгерген. Олардың жағдайлары тұрақты. Таяу Шығыста жаңа соғыс оты тұтанғанда әлем нарығына энергетикалық шикізат жеткізу қиындауы мүмкін. Сондықтан Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы 80 долларға жақындап қалды.


Бөлісу