Басты Жаңалықтар Дәрігерлердің науқасты онлайн қабылдауы дұрыс па?

Дәрігерлердің науқасты онлайн қабылдауы дұрыс па?

Онлайн кеңес беретін дәрігерлер. Абайлап, болжам жасауға болатын шығар. Жалпы ақпарат, мағлұмат беруге де болатын шығар. Бір сөзбен айтқанда, бұл қызметті мүлде жоққа шығаруға болмайды. Бірақ шекарасы бар – ем белгілеуге болмайды. Аурудың анализдерін зерделемей, науқастанған адамды қарамай, антибиотик тағайындайтын дәрігерлер шатасуы, қателесуі мүмкін. Ең сорақысы – қате емдеуі мүмкін. 

Қайталап айтамыз: танымдық бағытта ақпарат беру, қандай дәрігерге жүгіну керегін айту. Болды.

Белгілі дәрігер, профессор Жақсылық Досқалиев: «Өзін-өзі сыйлайтын дәрігер – алыста отырып диагноз қойып, емдемейді. Сауатты, ұяты, адамгершілігі бар дәрігер – дәрігерлік кабинетте қабылдайды. Көзбе-көз отырып кеңесін береді, емдеу жолын айтады», – деді Данияр Қайыртайға берген сұхбатында.

Ал енді оны айтасыз, қазір адамдар ЖИ-ге жүгініп, емделу жолын сұрайтын болды. «Мынадай симптомдар бар, қандай дәрі ішемін?» дейді де, берген жауаптағы дәрі-дәрмекті алып ішеді.

Антибиотикті дәрігер белгілемей ішуге болмайтынына селт етпейміз. «Қойшы, а» деген түрмен қараймыз. Бақылаусыз дәрі қабылдаудың қауіпті екені қорқытпайды. Мемлекетте дәрі нарығы да қатаң бақыланбайды. Иә, дәрігерге көрінудің машақаты, өзің білетінді айтып беретін дәрігерлердің бар екені осы проблеманы туғызған факторлардың бірі. Бірақ өмір өзіңдікі. Және жағдай ушығып кетсе, кімді кінәлайсың? Кінәласаң да өткен уақытты қайтара алмайсың.

Данияр Қайыртай, тілші:

Әлеуметтік желіден, міне, мынандай «мен дәрігермін, сұрақтарыңызды жазыңыздар», «анализіңізді талдап беремін», «ем жағынан кеңес берем» дейтін постарды жиі кезіктіруге болады. Немесе ауру түрлері және оны емдеу жолдары туралы ақпарат беретін жазбалар мен қысқа бейнероликтер жариялайтын блогер дәрігерлер бар. Неге бұл трендке айналды? Науқасты онлайнемдеуге бола ма? Мыңдаған жазылманы бар медицина мамандарынан сұрадық.

10 жылдық тәжірибесі бар Айдана Кеңесханқызының инстаграмдағы парақшасына 73 мыңнан астам адам тіркелген. Алғашқы танымдық жазбаларын коронавирус пандемиясы кезінде жариялай бастапты.

Айдана Кеңесханқызы, Алматы облысы Қарасай ауданы Райымбек ауылдық амбулаториясының аға дәрігері:

Инстаграм – ақпарат беру алаңы. Мен бала денсаулығын және емізетін ана денсаулығы тақырыбын қозғап шықтым. Дұрыс, пайдалы ақпарат алса, тыңдаған адам артық емнен қашып, дұрыс бағыттағы емді алса деген мақсатта ашқан болатынмын.

Дәрігердің этикалық қағидаты деген бар. Сонда қандай ем-шараға онлайн нұсқау беруге болады?

Айдана Кеңесханқызы, Алматы облысы Қарасай ауданы Райымбек ауылдық амбулаториясының аға дәрігері:

Мысал үшін дене қызуы көтерілгенде жылы суды ішкеніңіз дұрыс. Баланың терісін спиртпен обтирание жасауға болмайды. Тек жылы сумен жасайсыз және ибуфен, парацетамолды мынандай дозада есептеп бергеніңіз дұрыс деп анаға дәрігерге дейін өзінің баласына қандай көмек көрсете алады, соны айтуына болады.

Бұл ойды алматылық педиатр Назым Бектар да қуаттайды. Оның инста-парақшасына 5 мыңға жуық адам жазылған.

Назым Бектар, педиатр:

Онлайн-кеңес баланы толықтай қарап, тексеруді ешқашан алмастыра алмайды. Тек бала күтімі жайлы жалпы сұрақтарға жауап беру үшін кеңес беруге болады. Мысалы, қазір дәрігерлер екпе жайлы сұрақтарды осы онлайн түрде ала алады.

Назым Бектар өз блогында дәлелді медицина негізінде ақпарат беріп қана қоймай, ел ішінде кеңінен таралған мифтерді, яки жалған мәліметтерді жоққа шығарумен айналысады.

Назым Бектар, педиатр:

Мен үшін бұл миссия деп ойлаймын. Әлеуметтік желі заманы болғандықтан ақпарат өте көп. Ата-аналар осы ақпаратта адасып жатыр. Қайсы дұрыс, қайсы бұрыс екенін білмей жатыр. Соның нәтижесінде бала денсаулығына байланысты, жалпы адамның өзінің денсаулығына байланысты дұрыс емес шешімдер қабылдауда.

Әлеуметтік желідегі танымалдық артқан сайын әлдебір сырқаттыемдеу жолын сұрайтынхаттар да көбейе түсетінін айтты дәрігерлер. Ондайда нағыз маман эмоцияға бой алдырмайды.

Айдана Кеңесханқызы, Алматы облысы Қарасай ауданы Райымбек ауылдық амбулаториясының аға дәрігері:

Этикалық рисктар өте көп біздің мамандықта.Онлайн платформада науқасты көрмей тағайындама беріп емдеуге болмайды. Тек біреу жағдайын айтып жазып жатса, тек қана қай ауруханаға баруға болады немесе қай дәрігерге жүгінуге болады, сол бағытта кеңес берсеңіз болады. Дәрігер-блогер контенттен этиканы жоғары қоюы керек.

Олай болса, қандай контент тарататын блогерден аулақ болу керек?

Назым Бектар, педиатр:

Егер де инстаграмда блогер сізге 100%-дық емдеу кепілін берем дейтін болса, негізінен бұл мамандарға сенім артпаған дұрыс. Өйткені медицинада біз 100% ешқашан сенімді бола алмаймыз.

Айдана Кеңесханқызы, Алматы облысы Қарасай ауданы Райымбек ауылдық амбулаториясының аға дәрігері:

Нағыз дәрігер мына препарат ғажайып күшке ие, осыны пайдалансаңыз бүкіл ауруды емдейді деп айта алмайды. Мен де жасап көргем, сетевой маркетингті. Бірақ менің «клиникалық мышлением» маған ол жақта жұмыс жасауға мүмкіндік бермеді. Мен науқасқа мына дәріні ішсеңіз 4-5 сырқатыңыздан жазыласыз деп ұсыныс айта алмаймын. Өйткені мүмкін емес екенін білемін.

Назым Бектар, педиатр:

Егер маман авторлық методым бар, осы метод бойынша емдеймін деген кезде де күмәндану керек. Өйткені біз дәлелді медицинада авторлық методқа жүгінбейміз.

Медицинаның майталманы, профессор Жақсылық Досқалиев қашықтан отырып алып ақылгөйсуді алаяқтыққа балады.

Жақсылық Досқалиев, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Анық дәрігер, өзін-өзі сыйлайтын дәрігер – көшеден диагноз қойып, адамды емдемейді. Сауатты, ұяты бар, адамгершілігі бар дәрігер, өз-өзін сыйлайтын дәрігер – дәрігерлік кабинетте қабылдайды. Сол жерде кеңесін береді, диагнозын береді, емдеу жолын айтады.

Дәрігердің онлайн кеңесіне жүгіне ме деп жұрттан сұрау үшін көшеге шыққанбыз. Сөйтсек оның да дәурені өтіп бара жатқанға ұқсайды. Қазір жасанды интеллектінің көмегіне жүгіну үрдіске айналып барады екен.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бақсақ, бұл жаһандық тренд болып шықты. Былтыр Wall Street Journal басылымы жариялаған мына бір «Дәрігерлерге бұрынғыдай неге сенім артпайтын болдық?» деген мақалада науқастар өзіне диагноз қойып, ем-дом тағайындау үшін интернеттегі ақпаратқа сүйенгенді жөн көре бастағаны жазылған. Яғни Google-ға не ChatGPT-ге сұрау салу ғой баяғы. Сөйтіп автор бұл үрдіске не түрткі болғанын анықтауға тырысқан. Бірінші себеп ретінде дәрігерлерге деген сенімнің төмендей бастағаны аталады. Екіншіден, екеуара коммуникацияның әлсіздігі себеп екен. Доктор қағаз толтырудан босамайды, сөйтіп науқас өзін елеусіз қалғандай сезінеді. Үшіншіден, емдеуші дәрігердің жиі ауысуы түрткі болып отырған көрінеді. Жаңа маманның алдына тап болған сайын бәрін басынан бастап түсіндіру машақаты мезі қылдыратын болса керек. Біздің жағдайда емханада кезек күтудің күйзеліске түсіретіні де бір себеп шығар, бәлкім.


Бөлісу