Міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша бөлінген 2,4 млрд теңге игерілмеді
Ақмола облысында тегін стоматологиялық көмекті алу тұрғындар үшін оңай болмай тұр. Биыл тіс емдеуге бағытталған 99 млн теңге игерусіз қалды. Ал өткен жылы өңірдің медициналық ұйымдарына бөлінген 2,4 миллиард теңге кәдеге жаратылмай, мемлекетке кері қайтарылды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша бөлінген қаражаттың өңірде толыққанды игерілуіне не кедергі?
Биыл облыс бойынша 5 жекеменшік стоматология мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру бойынша қызмет көрсетуден бас тартты. Салдарынан емханалардағы тіс емдеу кабинеттерінің жүктемесі көбейді. Жұрт тегін қызмет алу үшін енді апталап кезек күтуге мәжбүр.
Диана Баймұқан, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Біз мемлекеттік сақтандыруды төлегеннен кейін жеке стоматологиялардың қабылдағаны дұрыс деп ойлаймын. Негізі осы емханалар да қабылдайды. Стоматология жақсы. Бірақ біз мемлекеттік сақтандыру төлегеннен кейін жеке стоматологиялардың конкурсқа қатысқанын қалаушы едім. Кезек болмайды, сапасы да жақсы.
Әлия Оразалина, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Жеке стоматологиялардың конкурстан бас тартқаны бізге ұнамайды. Неге десеңіз, олардың істеген жұмысы сапалы. Біздің немерелеріміз, келіндеріміз бар. Олардың жеке стоматологияға көрінгенін ұнатушы едік. Енді мынау емхананың жұмысы, сапасы жеке стоматологиядан төмендеу деп ойлаймыз.
Бүгінде Көкшетау бойынша балалар мен жүкті әйелдер үшін 4 стоматологиялық кабинет тегін қызмет көрсетеді. Облыс бойынша олардың саны 22. Күніне 15-20 бала қабылдайтын стоматолог дәрігерлер тісі қақсап келгендердің де ұзын-сонар кезек күтуіне тура келетінін айтады.
Айгүл Есенжолова, стоматолог дәрігер:
Тіс жегішпен келеді, кариеспен келеді, ол пульпид көп уақыт алады. Екі-үш қабылдауда емдейміз. Жазушылар саны көп. Өйткені, жазыла алмай қалған кісілер жоғары жақты комиссия бар, сол кісілерге барады. Олар тексереді, түсіндіріп айтамыз. Жарты сағат сайын пациет бар.
Ақмола облысы бойынша бүгінде 200-ге жуық дәрігер жетіспейді. Оның ішінде 4 балалар стоматологы қажет. Бұл міндетті әлеуметтік сақтандыру бойынша бөлінген қаржының тиімді игерілуіне кедергі,-дейді сала басшылары. Менеджментьің дұрыс жолға қойылмағаны тағы бар.
Талғат Тұрмағанбет, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының директоры:
Негізгі игерілмеген лоттар стационар, соның ішінде ауылдық жерлерге стационарлық көмек, реабилитация, стоматологиялық көмектер. Осы көмектер бойынша үлкен қаражат 2,4 млрд теңге игерілмей қалды. Оның себебі әр түрлі. Біріншіден, медициналық ұйымдардың басшылары инфраструктурасы дайын емес. Сонымен дәрігерлердің жетіспеушілігі деген.
Биыл міндетті әлеуметтік сақтандыру қорымен облыс бойынша 58 медициналық ұйым келісімшартқа отырды. Бұл былтырғыға қарағанда әлдеқайда аз. Ал бөлінген қаражат 14 пайызға көп. Яғни, былтыр өңірге 89,5 миллиард теңге бөлінсе, биыл 96 миллиардқа жуық қаражат бағытталған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы