Басты Жаңалықтар Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға жол берiлмейдi

Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға жол берiлмейдi

Кез келген азаматты сот шешімінсіз баспанасынан айыруға да, мәжбүрлеп шығаруға да жол берілмейді. Конституцияның жаңа жобасында тұрғын үйге қол сұғылмау туралы нормаға осындай толықтыру енгізілген болатын. Бұл бастаманы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан еді. Бұл норма азаматтардың жеке өмірі мен баспанасының қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған. 28-бапқа Асылбек Данияр толығырақ тоқталады.

Жаңа Конституция жобасында сәйкес, банк те сот орындаушысы да өз бетімен әрекет етпейді. Алдымен мәселе міндетті түрде сотта қаралады. Азамат қарызын не үшін уақтылы өтей алмағандығы, несие тарихы толық тексеріледі. Сондай-ақ, барлық дәлел сараланып, тараптардың уәжі тыңдалған соң шара қолданылады, деді Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов.

Айтуар Қошмамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл негізі басқа заңдарда да бар еді. Бірақ Конституция жоғары деңгейге шығарып, енді мұны қадағалау да көңіл бөлу де сонымен қатар, адамның құқықтарының ең алғашқы бірінші орындағы құқықтарының біріне айналдырып жатыр. Сот орындаушылар өзінің жұмыс шегін біліп, құқықтық шегін біліп оларда артық ешқандай тіршілік жасамайды деген ойдамын.

Заңгердің айтуынша, Ата заңның жаңа жобасындағы бұл норма халықтың құқықтық кепілдігін арттырады. Сот орындаушылары бұрынғыдай қолхат негізінде азаматтарды үйінен мәжбүрлеп шығара алмайды. Тек соттың шешімі заңды күшіне енгенде ғана әрекет етеді.

Ғабит Өмірбек, заңгер:

Конституцияның жаңа жобасының 28, 29-бабының талаптарына сәйкес, банк сотқа арыз жазу керек болады. Сот ол істі жан-жақты, түбегейлі зерттеу керек болады. Оның өткен процентін, ставкасын есептейді. Әр күнгі қарызын есептейді, жан-жақты толық қарап шынымен де ешқандай негіз болмаса, осы 28,29-баптың негізінде үйін тартып алудан сот арқылы бас тартатын болады.

Баспана тек әлеуметтік кепілдік емес, ең алдымен бала қауіпсіздігі үшін маңызды. Конституцияның жаңа жобасында мұндай норманың бекітілуі бала құқығының қорғалуын күшейтеді, дейді Динара Зәкиева. Өйткені, қоғамда ата-анасынан айырылғандарда үйсіз қалу қаупі жиі кездесетінін айтады. Бұл - кәмелетке толмағандардың құқығын шектеу, деді.

Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

Аталған норманы Конституциямен бекіту: ең алдымен, балалардың құқықтық қорғалуын күшейтіп, бұл кепіліктерге тұрақты сипат береді. Осылайша, тұрғын үйге құқық нақты әрі тиімді қорғалу механизміне ие болады. Бұл әлеуметтік мемлекет ретіндегі қалыптасқанымыздың және адам қадір-қасиетіне деген құрметтің айғағы.

Осылайша, ұсынылып отырған түзету тұрғын үйге қатысты дауларды тек құқықтық алаңда шешуге мүмкіндік бермек. Мамандардың пікірінше, норма қабылданса, азаматтардың мүліктік құқығын қорғау тетіктері айтарлықтай күшейеді.


Бөлісу