32 жылдан кейін елге «Алтын» сыйлаған Милан Олимпиадасының чемпионы Михаил Шайдоров елге оралды.
Бұл Ақ Олимпиада мәнерлеп сырғанаушылар үшін табысты болды. Шайдоровтан бөлек, әйелдерден Софья Самоделкина үздік ондықтың қатарынан көрінді. Айтпақшы, елге оралған саңылақтар мен бапкерлерін тосын сый күтіп тұрды. Қазақстанның конькимен мәнерлеп сырғанау одағы мен демеушілер атынан әрбіріне елордадан баспана кілті табысталды. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Шайдоровты қысқы Олимпиада ойындарының жеңімпазы атануымен алғашқылардың бірі болып құттықтады. Чемпионды ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгін Миша Президенттің қолынан сол марапатты алады.
Михаил Шайдоров, Олимпиада чемпионы:
Түн ортасында ұйқыларыңызды қиып, бізді күтіп алуға келгендеріңіз үшін шын жүректен рақмет айтамын. Расында, өте қуаныштымын. Олимпиада ойындарында Туымызды көтеріп, Әнұранымызды шырқатқаныма бақыттымын. Жанкүйерлер тарапынан өте көп тілек, жылы лебіздер келіп жатыр. Әлеуметтік желіде әлі күнге дейін тыным жоқ. Қолдап, қолпаштап жүрген барша жанкүйеріме алғысым шексіз. Бұл маған күш-жігер береді. Еліміздің атын әлемдік аренада таныту үшін қолымнан келгеннің бәрін жасауға дайынмын.