«Aqmola hub» орталығының қолдауымен 4 стартап жоба нарыққа шығады
Көкшетауда «Aqmola hub» орталығының қолдауымен биыл төрт стартап жоба нарыққа шығады. Жасанды интеллектке негізделген инновациялық жобалардың бірі емханалардағы жүктемені азайтып, алғашқы медициналық көмекті жедел көрсетуге мүмкіндік береді. Тағы бір жобаның арқасында құстардың ауруын енді ерте анықтауға болады.
Педиатр Гүлнар Балташева «Doktor Line» цифрлық сервисінің сарапшысы. Оның айтуынша, платформаның арқасында сырқаттанған адам емханада кезекке тұрмай-ақ, жоғары білікті дәрігердің кеңесін онлайн ала алады. Алдағы уақытта бұл платформаны өңірдегі барлық жалпы тәжірибедегі дәрігерлер қолдана алады.
Төлеубек Тасов, стартап жобаның негізін қалаушы:
Платформадағы жасанды интеллект сырқаттанған азаматтың нақты ауру белгілеріне қарай кеңес беріп, бағыттайды. Нәтижесінде қажетті дәрігермен видеобайланыс арқылы кеңес алуға болады. Бұл науқастың уақытын үнемдейді, емханадағы жүктемені азайтады және дәрігерлерге қосымша табыс табуына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жобаға психологтарды да қосамыз.
Ал Назарбаев интеллектуалдық мектебінің 10-сынып оқушысы Мансұр Ыдырыс құстардың ауруын автоматты режимде анықтайтын инновациялық жоба ойлап тапты. Оның айтуынша, «Januya» платформасы тәулік бойы жұмыс істей алады, осылайша ветеринарлық бақылауды жоғары деңгейге көтереді.
Мансұр Ыдырыс, Көкшетаудағы НЗМ оқушысы:
Бүгінде нарықта құстарға автономды режимде ветеринарлық сараптама жасайтын жоба жоқтың қасы. Ал біз термокамера мен бірнеше видеокамера, бағдарламалаушы плата және жасанды интеллект арқылы құстың бойындағы ауруларды ерте кезеңде анықтайтын жоба әзірледік. Бүгінде ол мыңдаған құсы бар фабрикада тестілеуден өтіп, кәсіпкердің көңілінен шығып отыр.
Стартап жобаларды жетілдіріп, тестілеуден өтуіне «Aqmola hub» орталығының мамандары қолдау көрсеткен. Олардың
жәрдемімен өңірде екі жылда 60 стартап әзірленді.
Әсел Әбдірахманова, иннонвациялық технологиялар паркі директорының міндетін атқарушы:
«Aqmola hub» орталығы өңірдегі ІТ- қауымдастықтың дамуына үлкен қолдау көрсетіп отыр. Мұнда бағдарламалауды жаны сүйетін азаматтарды оқытып, бағыттап отырамыз. Нәтижесінде 4 стартап жоба тестілеуден сәтті өтіп, нарыққа шығуға дайын тұр.
Орталықта бағдарлама әзірлеудің заманауи тілдерін үйретіп, мобильді қосымша құру бойынша да түрлі курстар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы