Отбасының беріктігі – мемлекеттің тұтастығы
Неке - ер мен әйелдің ерікті және тең құқықты одағы. Жаңа Конституция жобасының 30 бабында осылай делінген. Сондай-ақ неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады. Бұл нормалар дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға және әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған дейді сарапшылар.
Елімізде ай сайын шамамен 9,5 мың азаматтар заңды некеге тұрады. Қазақстандықтар үшін отбасы - басты құндылықтардың бірі саналады. Қазақстандық қоғамдық даму институты жүргізген әлеуметтік сауалнама нәтижесі осындай. Дегенмен, некенің бұзылуы, отбасындағы зорлық-зомбылық тыйылмай тұр. Елімізде мың адамға шаққанда екі ажырасу тіркеледі екен.
Арна Дүйсенова, Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы:
Біз жүргізген зерттеуде 2400 респондент қатысқан, оның 8-9 пайызы ажырасқандар болды. Бірақ біз барлық қатысқандарға сұрақ қойған болатынбыз. Сіз отбасыңызда қандай қиындықтарға тап болдыңыз деп. Мысалы ажырасқандардың көбі, қандай проблемаға тап болдыңыз дегенде ең алдымен тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның ішінде моральдық-психолоиялық қысым, және туысқандардың араласуы.
Жаңа Конституция жобасында неке және отбасы институтына айрықша мән берілген. 30-бапта - неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады. Неке - еркек пен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы. Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi. Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеті делінген.
Бекдайыр Күзембай, Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары:
Ата-ананың тең құқығы, оның ішінде әкенің парасатты рөлі, жауапкершілігі, ананың мейірімді болып қалыптасуы, баланың тұлға болып әрі қарай бақытты өмір сүруіне осы баптардың қарастырылғаны бізді қатты қуантады. Тең құқылы дегеніміз – тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғану, және баланың қауіпсіздігіне аса мән беру.
Конституциясының жаңа жобасында некедегі тең құқықтылықты нақты бекітілген. Нариман Дайыров пен Ақмарал Нұрғалиеваның отасқандарына 50 жыл болады. Қол ұстасып алтын тойға жеткен ерлі-зайыптылар ұзақ некенің сыры - отбасылық құндылықтарға негізделген сыйластық пен өзара келісімде дейді.
Нариман Дайыров, қала тұрғыны:
Қай нәрсе болмасын, не шешсек те екеуіміз келісіп шешеміз. Ол семья жағдайы болсын, үй шаруасы болсын, қандай болса да балалардың жағдайы болсын, екеуіміз ақылдасып шешеміз.
Ақмарал Нұрғалиева, қала тұрғыны:
Туыстарға көмектесу, той-топырға, мысалы, 8 ағайынды, сыйлықты апарудың өзі соның барлығы келісіммен шешіледі. Сосын да болар 50 жылға дейін аман-есен жетіп көңілді жүргеніміз.
Қазақстан - адам құқықтарын қорғау, әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою, балалалар қауіпсіздігі сияқты негізгі міндеттемелерді ішкі заңнамада нығайтуда. Осылайша, отбасы институты тек жеке мәселе емес, мемлекеттік маңызы бар құндылық ретінде бекітіліп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы