Басты Жаңалықтар Пәкістан мен Ауғанстан арасы қайта шиеленісті

Пәкістан мен Ауғанстан арасы қайта шиеленісті

Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы жағдай қайта шиеленісті. Шекара бойындағы елді мекендерде бомбалау операцияларынан ондаған адам қаза тапты. Содан кейін тәліптердің қорғаныс министрлігі мәлімдеме таратып, Исламабадқа қатаң ескерту жасады. Аймақтағы соңғы ахуалға Арыстан Рысбек толығырақ тоқталады.

Пәкістан армиясы Ауғанстанның Нангархар провинциясына әуеден соққы берді. Шабуылдан ондаған адам қаза тапқан. Құрбандардың ішінде әйелдер мен балалар бар. Оқиғаны тәліптер үкіметі де, ресми Исламабад та растап отыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бомбалау операциясы түн ішінде жүргізілген.

Раис Хан, жергілікті тұрғын:

Өткен түні сағат 12-де Нангархар провинциясының Бехсуд ауданына Пунджабтық жауларымыз ұшақтан бомба тастады. Соның нәтижесінде Рамазан айында асқан қатыгездіктен бейбіт тұрғындар, солардың ішінде әйелдер, балалар, қарттар құрбан болып отыр. Бұл – қылмыс. Кеше басымызға Қиямет күні туғандай күй кештік.

Көп кешікпей Пәкістан ресми мәлімдеме таратып, операцияны өз жерінде жарылыстар жасаған содырларды жою мақсатында ұйымдастырғанын хабарлады. 

Кабул болса, пәкістандық тәліптерге Ауғанстан территориясын көрші елге шабуыл жасауға бермегенін алға тартып отыр.

Тағы бір айта кететін жайт, өткен тәулікте тәліптер үкіметінің қорғаныс министрлігі мәлімдеме жариялады. Онда Пәкістанның жауапсыз қалмайтыны ескертілген.

Ауғанстан Ислам Республикасы Ұлттық Қорғаныс министрлігінің мәлімедемесі:

Пәкістан әскери режимі Ауғанстанның Нангархар және Пактика провинцияларындағы бейбіт аудандарға, соның ішінде діни медресе мен бірнеше тұрғын үйге тағы да әуеден шабуыл жасады. Ұлттық қорғаныс министрлігі Ауғанстан аумағы мен ислам құндылықтарының ашық бұзылуын қатаң айыптай отырып, Пәкістанға уақыты келгенде дұрыс әрі таразыланған жауап берілетінін ескертеді.

Екі ел арасындағы шиеленіс салдарынан негізгі өткізу пунктері жабылып, 2600-шақырымдық шекарада сауда қатынастары мен көлік қозғалысы тоқтады.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр қазан айында да Пәкістан мен Ауғанстан күштері қақтығысып, ондаған адам мерт болды. Бірақ сол әскери жанжалдан кейін жасалған ымыра берік емес, кейде бұзылып тұрады.



Бөлісу