Басты Жаңалықтар Оралда тұңғыш рет құсбегіліктен ел чемпионаты ұйымдастырылды

Оралда тұңғыш рет құсбегіліктен ел чемпионаты ұйымдастырылды

Оралда тұңғыш рет «ORAL WINTER FEST» қысқы спорт фестивалі өтіп жатыр. Оның аясында құсбегіліктен ересектер арасындағы ел чемпионаты ұйымдастырылды.

Аймақта ұлттық спорттың бұл түрі кенжелеп қалған. Тек биыл ғана жаңа бөлім ашылып, оңтүстіктен маман шақырылды. Айтулы додаға еліміздің он өңірінен 50-ге жуық құсбегі қатысып жатыр. Бүркіт, қаршыға, ителгі баптаған спортшылар қолға шақыру, шырға салу сайыстарында бақ сынады. Топжарғандар Дүниежүзілік көшпенділер ойынына, әлем және Азия чемпионаттарына қатысады.

Бақдәулет Бабажан, құсбегі /Жамбыл облысы/:
Бүркіт сайысына «Қоңыр Долы» деген бүркітімізді алып келдік. Жалпы Жамбыл облысынан 4 спортшы 4 бүркітпен және 3 қаршыға, 1 ителгі құсымен келдік, барлығы 8 құспен. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қарсыластарымыз бар. 26 бүркіт, 19 қаршыға және 9 ителгі құсы жиналды.

Фестиваль аясында қысқы спорт түрлерінен сайыс өтті.

Тұңғыш рет ұйымдастырылған фестиваль аясында хоккей, шаңғы секілді қысқы спорт түрлерінен облыстық сайыс өтті. Бұрын-соңды болмаған керлинг спортынан тәжірибе түрінде жарыс ұйымдастырылды. Сондай-ақ мұздағы автодрифт сайысы көпшілікті тәнті етті. Фестиваль аясында келушілер екі күн бойы тек жарысты тамашалап қана қоймай, коньки теуіп, биіктен сырғанап, атшанамен серуендеді.

Бақдәулет Сәбитов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
Биыл қысқы Олимпиаданы қолдау мақсатында да өткізіп жатырмыз. Одан бөлек, шаңғыда жамбы ату деген жаңа спорт түрін енгізіп жатырмыз. Атпен де жамбы атамыз, садақ атамыз. Балаларға көпшілік сырғанау да бар. Демеушілер есебінен шараның жүлде қоры 5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Біздің өңірде садақ ату, жамбы атудан ұлттық құрама мүшелері бар. Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысатын үміткерлеріміз бар. Олар да осы жерде өз бағын сынайды.


Бөлісу