Соңғы 4–5 жылда ғылым саласын қаржыландыру көлемі 8 есе артты. Бұл талантты мамандарды тартуға, ғылыми идеяларды ілгерілетуге, зертханалар мен конференциялар арқылы тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Ата заңның жаңа жобасында ғылым мен білімнің рөлі нақты көрсетіліп, білім экономикасына көшу жолы айқындалды. Бұл жаңалықтар Қазақстанның инновациялық әлеуетін арттырып, ғылым мен технологияны табыстың жаңа көзіне айналдырады, дейді Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова. Ол білім, ғылым және жоғары технология саласына инвестицияны ұлғайту – еліміздің дамуы үшін стратегиялық басымдық екенін айтады.
Лаура Қарабасова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры:
Білім, ғылым, инновация, еңбекқорлық өте маңызды құндылықтар негізінде айқындалды. Соның ішінде ғылым мен білім жай сала ғана емес, біздің еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің көзі. Өте маңызды стратегиялық басым бағыт ретінде айқындалып отыр. Конституцияның жаңа жобасындағы жақсы, оң өзгерістер біздің саланың да әрі қарай тұрақты дамуына, қаржыландырудың артуына, жақсы мамандардың салаға келуіне және салада өнімді жұмысты жалғастыруына мүмкіндік беретініне сеніммен айтуға болады.