Рамазан – 2026: Пітір садақа мөлшері мен ауызашардағы ысырап мәселесі
Ертең Рамазан айының бірінші күні. Бүгін түнде ниет еткен әрбір жан алғашқы сәресіне оянып, отыз күндік Оразаға қадам басады. Мүфтият бұл ай тек астан тыйылуы емес, жүректің де ғибадаты екенін айтады. Ал еліміздегі дәмханалар мен мейрамханалар ауызашарға дайындықты ертеден бастаған, кейбірінде айдың аяғына дейін бос орын жоқ. Жалпы, Ораза кезінде нені ескеру керек, пітір садақа мөлшері биыл қанша, кімдерге ауыз бекітуге болмайды?
Биыл Рамазан айы қыс мезгіліне болғандықтан, күн қысқа. Ертең басталатын Ораза 19 наурызға дейін жалғасады. Пітір садақа жан басына 735 теңге болып бекітілді. Бұл 2 келі ұнның нарықтағы бағасымен есептелген. Бұл айда ең бастысы – денені де, тілді де жамандықтан тыйып, рухани тазару дейді мүфтият өкілдері. Ал қандай жағдайда Ораза бұзылмайды?
Елбек Тасболатұлы, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:
Өтірік айтсам, ғайбат айтсам, Оразам бұзылып, ауызым ашылып кетеді деп ойлап қалатындар бар. Аузы ашылмайды, сауабына кедергі келуі мүмкін. Одан кейін қан алдыру, хиджама деп айтып жатады, ол Оразаны бұзбайды. Тек қана қатты әлсіреп қалмауын қадағалау керек.
Сондай-ақ мамандар ауызашарды бәсекеге немесе мақтанға айналдырмауды ескертеді. Және ысырапшылдық дінге тыйым салынған амал екенін де айтты. Соңғы уақытта «Ифтар», «сухур» сөздерін сәнге айналдырғандарға да ескерту жасады.
Елбек Тасболатұлы, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:
Басқа тілдің терминін, сөздерін сән қылудың қажеті жоқ. Өзіміздің қазақ тілінің тәп-тәуір сөзі бар. Сәресі, ауызашар деген. Дінде талап та емес. Бұл өзіміздің дінімізді, дәстүрімізді құрметтеудің белгісі ретінде деп есептесек болады.
Ал тамақтану орындары ауызашарға дайындықты бастап кеткен. Дәмхана иесі Рысбек Қалмырза арнайы «Ораза мәзірін» әзірлеп қойған.
Рысбек Қалмырза , дәмханалар желісінің иесі:
Қазіргі таңда бір-бірімен жарысып, көптеген тағамға тапсырыс беріп тастайды. Біз олай қылмау үшін арнайы мәзір дайындадық. Ысырап болмау үшін. Бекерге жей алмайды оның барлығын. Көп зат алғанша, бөлек-бөлек жеңіл тағамдардан ұсынып жатырмыз.
Дәрігерлер Ораза кезінде ағзаны тазартуға үлкен мүмкіндік. Ал созылмалы асқазан-ішек аурулары бар жандар ораза ұстамас бұрын мамандармен ақылдасқан жөн дейді. Ауыз ашқанда тамақпен бірге дәрумендер қабылдауға кеңес береді.
Биыл Қадір түні наурыздың 16-нан 17-іне қараған түнге сәйкес келіп отыр. Ораза айт наурыздың 20-сында басталып, үш күнге созылады. Құрбан айт 27-29 мамыр аралығында өтеді. Ал денсаулығына байланысты Ораза ұстай алмайтын жандар үшін берілетін өтемақы, яғни підия - әрбір ораза күні үшін 4 000 теңге болып бекітілді. Имамдардың айтуынша, егер оған шамасы келмесе, пітір садақасы мөлшерінде беруге болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы