Елімізде жасөспірімдер қылмысы 30%-ға төмендеген
Былтыр 434 бала буллингке ұшыраған. Ал жыл басынан бері кәмелет жасына толмағандарға қысым көрсетудің 48 жағдайы анықталған. Ішкі істер министрлігінің өкілдері кінәлілер жауапқа тартылды дейді. Сонымен қатар былтыр 113 мыңнан астам сайтта балалар үшін қауіпті контент анықталып, оның 34 мыңнан астамы бұғатталған. Бұдан бөлек, жыл сайын жүргізілетін түсіндіру жұмыстарына қарамастан, балалардың қатысуымен болатын жол апаты азаймай тұр. Былтыр осындай қайғылы жағдайлардан 285 бала қаза тапты. Оған қауіпсіздік талаптарының сақталмауы да әсер етіп отыр, дейді полицейлер. Құзырлы орган жыл басынан бері жасөспірімдер қылмысы 30%-ға төмендегенін мәлімдеді.
Ғалым Сарғұлов, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
Құқық бұзушылыққа көбіне балаларға дұрыс тәрбие берілмеуі, бақылаудың болмауы себеп болып отыр. Білім беру ұйымдарының басшыларынан педагогтер мен оқушылар арасында ұдайы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұраймын. Ата-аналарға да жеке тоқталғым келеді. Балаларды қараусыз қалдыру көбіне қайғылы жағдайға әкеп соғады. Баланың бос уақытында немен айналысатынын және кімдермен араласатынын білу маңызды.
Министрлік өкілдері балалардың қауіпсіздігін күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатқанын айтады. 2030 жылға дейінгі «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы: саладағы барлық алдын алу шараларын біріктірген. Қазір мектептерде құқықтық түсіндіру сабақтары өткізіліп, рейдтер мен профилактикалық акциялар тұрақты ұйымдастырылады. Сондай-ақ әр білім ошағына полиция қызметкерлері бекітіліп, оқушылардың қауіпсіздігі тұрақты бақылауға алынған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы