АҚШ Таяу шығыстағы әскерін күшейтіп, бірнеше апталық операцияға дайындалуда
Бүгін Женевада АҚШ – Иран келіссөздері өтуі керек. Дегенмен Америка Құрама Штаттары Иран төңірегіне қарулы күштерін жинап жатыр. «Рейтер» агенттігінің мәліметінше, егер президент Дональд Трамп бұйрық берсе, Ислам Республикасына қарсы операция бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Елге шабуыл жасалса, Тегеран әлем мұнайының бестен бірі өтетін су жолын жабатынын ескертеді.Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.
Жексенбі күні Парсы шығанағы аймағында Американың «Абрам Линкольн» соғыс кемесі көзге түсті. Оның бортында 90 әскери ұшақ, 5700-ге жуық жауынгер, зымырандар мен өзге де шабуылдаушы және қорғаныс арсеналы бар. Сонымен қатар, Пентагон Таяу Шығысқа «Джеральд Форд» ұшақ тасығышын да жөнелтті. Онда да сан мың сарбаз бен техника.
Айта кетсек, бүгін Женевада АҚШ-Иран келіссөздері өтуі керек. Оған президент Дональд Трамп та қатысады. Бірақ тікелей емес.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
Мен оған жанама түрде қатысамын. Маңызды кездесу. Не болатынын көреміз. Айтайын дегенім, әдетте Иран өте қатал келіссөз жүргізуші. Бірақ олар келісім жасағысы келеді деп ойлаймын.
АҚШ - Иран келіссөздері бетпе-бет өтпейді. Американың арнайы елшілері Стив Уиткофф мен Джаред Кушнер Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен Оман дипломаттарының көмегімен сөйлеседі.
Вашингтонның Тегеранға қойып отырған негізгі талаптары – уран байытуды және зымыран жасауды доғару. Алайда Иран АҚШ санкцияларды алып тастауға келіссе, өзінің атом бағдарламасын шектеу мәселесін талқылауға дайын, бірақ ракета проблемасын қозғауға қарсы.
Мұхаммед Маранди, ирандық саяси сарапшы:
Америкалықтарға осы жағдайға көнуге тура келеді. Себебі Иран өзінің ракеталық мүмкіндіктерін сақтап қана қоймай, оны әрі қарай кеңейте түседі. Олар келісім жасағысы келсе, біз қарсы емеспіз. Бірақ бір жайтты жақсы білеміз: егер біз әскери тұрғыдан әлсіресек, Құрама Штаттар мен Израиль шабуыл жасайды. Сондықтан қорғаныс және шабуылдау мүмкіндіктерімізді ешқашан құрбан ете алмаймыз.
Осылайша Иран өзінің зымырандық әлеуетін қайтсе де қорғауға мүдделі және де бұл мемлекет уранды жаппай қырып-жоятын қару жасауға пайдаланады деген мәліметті үнемі жоққа шығарып келеді.
Қысқасы екі ортада мәміле әзірге жоқ. Жағдай шиеленіскен шақта Иранның революциялық сақшылар корпусы Ормұз бұғазында әскери жаттығу өткізді. Елге шабуыл жасалса, Тегеран әлем мұнайының бестен бірі өтетін маңызды стратегиялық су жолын жабатынын ескертеді. Бұл сес шындыққа айналса, дүниежүзілік нарықта «қара алтын» құны шарықтап кетуі ғажап емес.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы