Басты Жаңалықтар Алатау – жаңа мүмкіндіктер қаласы

Алатау – жаңа мүмкіндіктер қаласы

Алатау – көп ұзамай жаңа экономикалық орталыққа айналатын ірі урбанистік жоба. Мұнда заманауи инфрақұрылым, жоғары технологиялар мен цифрлық шешімдерге негізделген жаңа өмір салты қалыптаспақ. Қазірдің өзінде қала аумағында бой түзейтін бірнеше ірі жобаның тұжырымдамасы таныстырылып жатыр. Конституцияның жаңа жобасына «қалаға арнаулы мәртебе беру туралы» норма енгізілді.

Қуан Нұрақын, тілші:

Бұл — болашақ Alatau City қаласының толық макеті. Алдағы жылдары мұнда жаңа тұрғын аудандар, бизнес орталықтар мен халықаралық жобалар бой көтеруі мүмкін. Солардың бірі — әзірге эскиз түрінде ұсынылған Iconic Towers кешені.

Биіктігі 272 метр болатын кешен бір ортақ тұғырға орнатылған екі мұнарадан тұрады. Құрылысы биыл мамыр айында басталып, 2029 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жалпы ауданы 276 мың шаршы метрден асатын нысан – жаңа қаланың іскерлік келбетін айқындайтын маңызды жобалардың бірі.

Болат Мұсылманбеков, облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

Сингапур бола ма, жоқ бұл Дубай бола ма, Шэньчжэнь бола Қытайдағыдай деген сияқты сұрақтар болды. Бірақ біз басқаларға ұқсас болу мақсатын көздеп отырған жоқпыз. Біз өзіміздің ұлттық нышанды, өзіміздің Алатауымыз, өзіміздің қазақи, ұлттық сәулет көрінетіндей болуы керек деген талап қойылды.

Алатау қаласы – озық технологияға негізделген мегажоба. Мұнда Smart City жүйелері енгізіліп, көлік қозғалысынан бастап коммуналдық қызметке дейін цифрлық форматта жүргізіледі деп жоспарланған. Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллектіге негізделген басқару қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталады.

Жаңа урбанистік кеңістік инвесторларға қолайлы орта қалыптастырып, өңір экономикасына тың серпін бермек. Инновацияға негізделген инфрақұрылым, жаңа жұмыс орындары және заманауи сәулет – осының бәрі өңірдің негізгі даму бағыты. Қазір жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Әлемдік сарапшылар да Алатауды ең серпінді дамитын жаңа қалалардың бірі болуы мүмкін деп бағалайды.


Бөлісу