Басты Жаңалықтар Жаңа Конституцияға «Миранда қағидасы» енгізіледі

Жаңа Конституцияға «Миранда қағидасы» енгізіледі

Жаңа Конституцияға «Миранда қағидасы» енгізіледі. Бұл жауапты органдар күдіктіні ұстаған сәтте оның негізгі құқықтарын міндетті түрде түсіндіруі керек деген ереже. Яғни ұсталған адамға оның не үшін айыпталғаны және қандай құқығы бар екені егжей-тегжейлі түсіндірілмесе, тергеу заңсыз деп танылады. Халықаралық стандарттың тиімді тұстары қандай? Оны Ата заңға енгізгеннен не өзгереді? 

1966 жылы АҚШ-та пайда болған термин америкалық Эрнесто Миранданың есімімен байланысты. Аризона штатында тонау және зорлау күдігімен қамауға алынған азаматтан адвокатсыз және құқығы түсіндірілместен жауап алынған. Нәтижесінде күдікті қылмысын мойындайды. Іс АҚШ Жоғарғы сотына жетіп, сот мұны адам құқығын бұзу деп таныды. Осыдан кейін полиция айыпталушының құқығын міндетті түрде түсіндіруі тиіс деген талап енгізілді.

Құзырлы орган өкілдері ескертуі керек негізгі ережелер мыналар:

— сіз үнсіз қалуға құқылысыз;
— айтқан сөзіңіз сотта өзіңізге қарсы қолданылуы мүмкін;
— сізден жауап алуға адвокатыңыз бірге қатыса алады;
— адвокат қызметін қалтаңыз көтермесе, мемлекет өз есебінен ұсынады.

Дәл осы талапты Конституциялық комиссия мүшелері Ата заңда бекітуді ұсынды. Бұл адамды қысымнан қорғап, әділ тергеуді қамтамасыз етеді, дейді мамандар.

Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары, Конституциялық комиссия мүшесі:

Өкінішке орай, мойындауымыз керек, көбіне адамдар осы заңның қыр-сырын, өзінің қандай құқықтары бар екендігін бірдей біле бермейді. Осының салдары жеке адам үшін де, мемлекет үшін де, қоғам үшін де ауыр зардаптарға әкелуі әбден мүмкін. Сондықтан тағдыры таразыға түскен сәтте әрбір адам өз құқығын темірдей білуі керек. Бұл мемлекеттің өз азаматы алдындағы жауапкершіліктің ең жоғары көрінісі деп санаймын.

Елімізде бұл ереже 2015 жылдан бері Қылмыстық-процестік кодекске енгізілген. Дегенмен Конституциялық реформа аясында қағиданы Ата заңға нақты норма ретінде бекіту туралы бастама көтерілді.

Мәди Мырзағараев, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы, Конституциялық комиссия мүшесі:

Бұл адамның құқығын басты назарда ұстап, ең жоғарғы деңгейге көтеретініміздің кепілі. Яғни, ең бірінші кезекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде айтты ғой, біздің Конституциямызда көзделетін өзгерістердің барлығы да адам үшін жасалу керек және ең бірінші кезекте осы Конституцияның өзегіне адамның құқығы болу керек деп. Міне, сол адамның құқықтарын сақтаудың бірден-бір кепілдерінің бірі – осы.

Қысқасы, осы бір қарапайым ғана қағида адамға төнген қауіпке қарсы нақты қорғаныс амалы болмақ. Мұндай норма Конституцияда айшықталып, жүйелі жұмыс істесе, жауапты органдар айыпты мойындату арқылы емес, нақты дәлелдер арқылы анықтайды. Қорқытып-үркітусіз әділ жүргізілген тергеу – әділ сотқа сенімді арттырары анық.



Бөлісу