Цифрлық әлемдегі құқығымыз қалай қорғалады?
Жаңа Конституция жобасындағы тағы бір маңызды бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Ата заңымыздың жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норма белгіленді.
Айжан Иманғали, тілші:
Сіз бүгін неше рет бет-әлпетіңізді Face ID-де сканерледіңіз? Неше рет банк қосымшасымен төлем жасадыңыз? Картаңыздың шоты ше, қайда тіркелген? Біз виртуалды әлемдегі әр қадамымыз бен жазған хатымыз арқылы цифрлық із қалдырамыз. Бірақ оның қауіпсіздігі туралы білеміз бе?
Заман талабына орай, цифрлық қауіпсіздік туралы 21 бап жаңа Конституция жобасына енгізілді. Біріншіден, дербес деректеріңіз ерекше қорғалады. Екіншіден, құпиялылық кепілдігі. Банктік шоттар, телефондағы хаттар мен аудио-хабарламалар – бұлардың барлығы заң аясында қорғалатын цифрлық құпия. Үшіншіден, ақпаратқа қолжетімділік. Мемлекеттік органдар сіз туралы қандай ақпарат иеленіп отыр? Сіз оны білуге және танысуға құқылысыз.
Қазір телефонда барлық біздің ақпараттар бар. Мекенжайымыз болсын, банк карточкалар болсын, барлық тарихымыз. Жаңа заң бекітілсе, өте жақсы деп ойлаймын. Бұл халықтың қауіпсіздігі үшін.
Қазақстанның әрбір азаматының құқығын солай қорғаған дұрыс.
Әрі қарай қорғала бергені дұрыс. Себебі қазіргі таңда адамдардың деректері көп таралып кетіп жатыр.
Бүгінде күмәнді операцияларға тосқауыл қоятын Ұлттық антифрод орталығы 90 мың адамды алаяқтық схемадан аман алып қалды. Бұл платформаға ұялы байланыс операторлары, криптобиржа, маркетплейстер қосылып жатыр. Қазірдің өзінде алаяқтық әрекет жасаған 14 мың адам қара тізімге алынды.
Айнұр Измайылова, Антифрод орталығының директоры:
Олардың базада ЖСН-і бар, шоттарының нөмірі бар, телефондарының нөмірі бар. Қаржы ұйымдары бұл ақпаратты көре алады. Бұл тізімдегі адамдардың шоттары бұғатталады. Операциялар жүргізілмейді.
Ал ІТ мамандары жеке деректер тарамас үшін адамдар цифрлық сауаттылығын арттыру керектігін айтады. Мәліметтерді өзгерту, өңдеу, құпия сөзді ауыстыру сынды биометриялық аутентификация әдістерін әр азамат білуі тиіс.
Абылай Жүсіпбек, ІТ маманы:
E-gov қосымшасында Nomad-guard деген жаңа сервис қосылды. Ол сервисте сіз өзіңіздің ақпаратыңызды тексерсеңіз болады, таралғанын. Екіншіден, сілтемені жіберсеңіз болады, ол сілтеме сенімді ме, сенімсіз бе?!
Иә, қазіргі таңда біздің «екінші өміріміз» мына смартфонның ішінде. Сондықтан жаңа Конституция жобасындағы бұл өзгерістер біздің цифрлық қауіпсіздігіміздің кепілі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы