Басты Жаңалықтар Италияға 185 миллион турист барған

Италияға 185 миллион турист барған

Олимпиада сияқты ірі әрі жаһандық шараларды өткізу кез келген ел үшін олжа. Себебі бұл туризмді дамыту үшін таптырмас мүмкіндік. 2029 жылы қысқы Азия ойындарын Алматыда өткізудің де бір себебі сол болса керек. Ал Олимпиаданы бір емес, бірнеше рет еңсерген Италияның туризмі жайлы Азамат Бейбітұлы баяндайды.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Италия – тарих пен өркениеттің алтын бесігі. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен ондаған миллион адам осы елге ағылып келеді.  Мысалы, былтыр Италияға 185 млн турист келген екен. Ал мен қазір сол Италияның өзгеше болмысын айқындайтын Милан қаласында тұрмын. Көпшілік Италия десе, көне Римді немесе су үстіндегі Венецияны елестетеді. Ал Милан – мүлде басқа қырынан танылатын шаһар. Бұл – елдің қаржы орталығы, сән мен дизайнның астанасы, заманауи өмір ырғағы соққан мегаполис.

Ырысты Қазыхан, студент:

Миланда түрлі шара көп болады. Танымал адамдар осында концерт өткізеді.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Артымда тұрған ғимарат - Еуропадағы ең ірі ғибадатханалардың бірі. Оның құрылысы XIV ғасырда басталып, бірнеше ғасыр бойы жалғасқан. Мыңдаған мүсінмен көмкерілген алып ғимараттың көкке шаншылған жүзден аса мұнарасы бар. Шіркеу төбесіне көтерілсеңіз, бүкіл Милан алақандағыдай көрінеді деседі.
Қазір Италияда қысқы Олимпиада ойындары өтіп жатыр. Дүбірлі дода басталған уақытта Италия олимпиадаға 6 млрд доллардан аса қаржы жұмсалғаны айтылды. Шығын көп, бірақ елдің имиджі үшін пайдасы көл-көсір. Туристердің толқыны артып, экономикаға қаржы құйылады. Сол себепті де Италия тарихында Олимпиаданы төртінші рет қабылдап отыр. Тарих пен жаңашылдық тоғысқан.
Бөлісу