Басты Жаңалықтар Қазақстан Ыстықкөлдегі жерді 49 жылға жалға алды

Қазақстан Ыстықкөлдегі жерді 49 жылға жалға алды

Қазақстан Ыстықкөлдегі жерді 49 жылға жалға алды. Бүгін сенаторлар осы келісімді ратификациялады. Жердің жалпы аумағы 60 гектарға жуықтайды. Бұл учаскелерде төрт нысан бар. Бір шипажай, екі демалыс үйі және спорт-сауықтыру базасы орналасқан. Яғни «Қазақстан» санаторийі, «Самал» демалыс үйі, «Университет» спорттық-сауықтыру лагері және «Олимп» спорттық-сауықтыру орталығы Қазақстанның меншігінде болады. Ратификацияланған құжат осы меншік құқығын реттеуге және айқындауға бағытталған. Аталған заң аясында Ыстықкөл жағасындағы қазақстандық нысандардың болашағы айқындалды. Бұл – инвестиция, инфрақұрылым және туризмді дамытуға арналған ұзақмерзімді жоспар. Сондай-ақ Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында  сенаторлар Мемлекет басшысының Жарлығымен 15 наурызда өтетін жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумды қолдайтындарын білдірді.

Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:

Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды оқиға. Жаңа Конституция жобасы ашық әрі жан-жақты талқыланып, мұқият пысықталды. Талқылау барысында азаматтардың ұсыныстары барынша ескерілді. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзіндегі жарқын көрінісі екені сөзсіз. Сол арқылы Әділетті Қазақстанның конституциялық моделі қалыптасуда. Алдағы уақытта Сенат депутаттары жаңа Ата Заңымыз туралы референдумды ілгерілету жұмыстарына бір кісідей атсалысады. Осы ретте Әділетті Қазақстанның құқықтық негізі қаланатын жауапты кезеңде барша қазақстандық өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіріп, референдумға белсенді қатысады деп сенеміз.


Бөлісу