Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Бакуде стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, Вашингтон бұл мәмілені Оңтүстік Кавказдағы ықпалын күшейту жоспары аясында жасап отыр.

АҚШ Украинадан мамырға дейін президенттік сайлау мен Ресеймен бейбіт келісім жөнінде референдум өткізуді талап етіп отыр. Алайда Британияның «Файниэншл таймс» газетінің мәліметінше, Киев Вашингтонды ең алдымен қауіпсіздік кепілдігін беруге шақырған.

Оңтүстік Кореяның екінші ірі криптовалюта биржасы жарнама науқаны кезінде 620 мың вонның орнына қателікпен 620 мың биткоинды таратып жіберді. Мұның нәтижесінде 40 миллиард доллардың активтері клиенттердің есепшотына түскен.

Канадалық мектепте атыстан 10 адам қаза тапты. Қанды оқиға Британдық Колумбия провинциясының Тамблер-Ридж деген шағын қалашығын дүр сілкіндірді. Мерт болғандардың біреуі – оқ жаудырған әйелдің өзі.

Қытайда Ай күнтізбесі бойынша ақпанның 17-де басталатын Жаңа жыл мерекесі кезінде 9 жарым миллиард сапар жасалуы мүмкін. Мұндай болжамды осы елдің жоспарлау мекемесі жариялап отыр.


Бөлісу