Автогаз қоймаларын жер астына орналастыру міндеттелуі мүмкін
Автогаз қоймаларын жер астына орналастыру міндеттелуі мүмкін. Бекеттердегі қауіпсіздікті нығайту үшін осындай талаптар енгізілмек. Бүгін Мәжіліс депутаттары автогазмен жүретін көлік иелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа құжатта қандай ұсыныстар енгізілді? Самал Қабышева баяндайды.
Автогаз қоймаларын жер астына орналастыру міндеттелуі мүмкін. Ал қазір жұмыс істеп тұрғандарына 5 жыл уақыт беріледі. Сол уақытқа дейін бекеттер қоймаларын жер астына орналастыруы керек.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жаңа автогаз құю станциялары үшін сыйымдылықтарды жер астына орналастыруды міндеттеу, қолданыстағы станциялар үшін 2031 жылғы 1 қаңтарға дейін сыйымдылықтарды жер астына көшіру жөнінде өтпелі кезең белгілеу, заңнамада белгіленбеген орындарда көлік құралдары мен тұрмыстық баллондарды газбен толтыруға тыйым салу ұсынылады.
Мақсат - автогаз құю бекеттерінің қауіпсіздік талаптарын күшейту. Алаңдауға негіз бар. Былтыр ғана Түркістан және Атырау облыстарындағы автогаз нысандарында жарылыс болып, адамдардың қаза табу фактісі тіркелді. Қазір еліміздегі 3 мың бекеттің 90 пайызы газды жер үстінде сақтайды екен. Ал делдалдарды болдырмау мақсатында көгілдір отынмен қамтамасыз ететін компанияларға нақты талап қойылады.
Газ компаниялары магистральді газ құбырына тікелей қосылуға міндетті болады
Самат Мұсабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Барлық газ компаниялары магистральді газ құбырына тікелей қосылуға міндетті болады. Бұл түпкілікті тұтынушылар үшін қосарланған тарифтің қолданылуын жоюға мүмкіндік береді.
Газ тұтынушыларына деректерді қашықтан беретін есептегіш құралдарға кезең-кезеңімен көшу, газды есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесін қалыптастыру ұсынылады. Сондай-ақ газды тұтыну тәртібі өзгеруі мүмкін.
Газды тұтыну тәртібі өзгеруі мүмкін
Нұргүл Тау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл негізінен жылыту алаңы үлкен тұрғын үйлерге қатысты болмақ. Тарифтер әділ болуы керек, қанша көп тұтынсаң, сонша, көп төлейсің.
Самал Қабышева, тілші:
Яғни қағида қарапайым. Үнемдесең ұтасың, артық тұтынсаң көбірек төлейсің. Депутаттар бұл талап, азаматтарды газды үнемді пайдалануға ынталандырады деп сенеді. Мақсат – әділ баға, нақты есеп және жауапты тұтыну. Бұл талаптар болашақта газға деген тапшылықты болдырмау үшін қолға алынуда. Заң жобасы Мәжіліс қабырғасында әлі талқыланады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы